Санжар Боқаевты алғашқы сот отырысы алдында Алматыдан Астанаға алып кеткен
Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы 28 қыркүйекте Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында өтеді деп жоспарланған. Алайда қорғаушы тараптың мәліметінше, Боқаев Алматыдағы ҰҚКД тергеу изоляторынан Астанадағы тергеу изоляторына жөнелтілген.
Астана, NEGE. Сондай-ақ оның ісі бойынша айыпталған мобилограф Ұлан Нүсіпқожаның да Астанаға жіберілгені мәлім болды. Бұл жөнінде адвокат Алма Мусина хабарлады.
Қорғау тарапы бұл әрекеттер сотталушылар мен адвокаттардың сот процесіне дайындалуына кедергі келтіріп отырғанын айтады.
«Алмалы аудандық соты сот отырысы басталғанға дейін, яғни 28 қыркүйекке дейін сотталушылардың Алматыға қайтарылатынын айтып, сендірді. Алайда сотталушыларды этаппен жеткізу туралы сот қаулысын алған жоқпыз», – деп мәлімдеді адвокат.
Адвокаттар құқық қорғау органдарының бұл әрекет сотталушылардың Алмалы аудандық сотының отырысына офлайн қатысуына кедергі келтіру немесе істі Астанаға беру мақсатында істеліп отырған болуы мүмкін деп қауіптенеді. Бұл жағдайда қорғаушылар мен сотталушылардың жақындарына басқа қалаға барып, тұруы бойынша қиындық туындауы ықтимал. Сонымен қатар қорғау тарапы мұндай шешімге Алматы тұрғындарының басым бөлігі Санжар Боқаевты қолдайтыны да себеп болуы мүмкін деп есептейді.
Осыған байланысты қорғаушы тарап бас прокурор мен жоғарғы сот төрағасынан сотталушылар мен олардың адвокаттарының қорғану құқығының бұзылуына жол бермеуді сұрайды.
«Сотталушыларды Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының қарауына қайтарып, сот отырыстарына дайындалуымызға мүмкіндік берулеріңізді сұраймыз», – дейді Мусина.
Адвокаттың айтуынша, Санжар Боқаевқа тоғыз жыл бұрын кәсіподақтың 42 млн теңгесін жымқырды, Баум тоғайындағы ағаштарды кесті және Instagram парақшасы арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыптар тағылып отыр.