Санжар Боқаевтың ісі: видеограф кінәсін мойындап, куәлік етуге дайын екенін айтты
Санжар Боқаевтің ісі бойынша айыпталушы ретінде танылған Ұлан Нүсіпқожа кінәсін мойындап, істің мән-жайына қатысты куәлік етуге дайын екенін мәлімдеді.
Астана, NEGE. Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында өткен отырыста ол бұрынғы адвокатынан бас тартып, қорғаушысын ауыстырды. Сондай-ақ сот іске төрағалық етуші судья Жанат Әбенованы шеттету туралы өтінішті қанағаттандырмады.
Нүсіпқожаның жаңа адвокаты Мәди Әуекеновтің айтуынша, оның қорғауындағы азамат ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату эпизодтары бойынша шынайы әрі дәйекті жауап беруге ниетті.
Нүсіпқожа бұрынғы қорғаушысынан бас тартып, адвокатын ауыстыру туралы шешімді өз еркімен қабылдағанын екі рет қайталап айтты.
Боқаевтың адвокаттары судьяны істен шеттетуді сұраған болатын. Қорғаушылар бұған Нүсіпқожаның адвокатын ауыстыру жағдайын, оған қысым көрсетілуі мүмкін екенін және сот залында процеске қатысушылардың орын тәртібін негіз ретінде келтірді. Мемлекеттік айыптаушы бұл уәждерді негізсіз деп тапты.
Айта кетейік, Санжар Боқаев пен оның жиені Мадияр Қалменов және видеограф Ұлан Нүсіпқожаға қатысты сот процесі Алматыда 16 қазанда басталған болатын. Оларға алаяқтық, ұрлық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастыру, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары тағылған.
Алғашқы отырыстарда қорғаушылар іс материалдарымен танысу кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеп, істі прокурорға қайтаруды сұраған.