Санитарларды кіргізбеген Ақтаудағы Rixos тексерістен өтті

Ақтаудың бас санитарлық дәрігері осыған дейін "Rixos" қонақүйіне үш мәрте кіре алмағанын мәлімдеген болатын.

Алматы, NEGE. Кеше қалалық санитарлық қызмет мамандары, әкімдік және БАҚ өкілдерінен құралған мобильді топтың "Ақтау Риксос" курорттық аймағының санитарлық нормаларын тексерді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығы.

Жоспарлы тексеруге қонақүй аумағындағы мейрамхана, кафелер, қоғамдық тамақтану орындары, сондай-ақ бассейндер мен оған іргелес аумақтар кірген. Жұмыс барысында "Ақтау Риксос" қызметкерлеріне сақтық шараларын ұстану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде курорт өкілдері санитарлық нормалардың қатаң сақталып жатқанын алға тартты.

"Бізде тексеру жұмыстары қонақтар әуежайға келген сәттен басталады. "Ресепшн деск" жұмыс істейді. Мамандар келген қонақтардың дене қызуын тепловизормен өлшеп, содан кейін қонақ үй көлігіне отырғызып осында жеткізеді. Біз бірден маскалар, санитайзерлер таратамыз. Әрине, қашықтық сақталады. Қонақүйге кіреберісте қонақтар қайтадан тепловизорлармен тексеріледі. Әрі қарай, багаж дезинфекцияланып, содан кейін ғана бөлмеге жіберіледі", – дейді қонақ үй менеджері Серік Исағалиев.

Ол бөлмелерде үнемі дезинфекция жасалатынын жеткізді. Айтуынша, мейрамханалар мен барларда барлық нормалар қатаң сақталады. Сондай-ақ қонақүйде арнайы санитарлық дәрігер бар. Кез-келген ауру белгілері пайда болған кезде курорт өкілдері жедел жәрдем шақырады. 

"Бүгін әкімдік, санитарлық қызмет өкілдері, полиция және баспасөз қызметкерлерінен құралған мобильді топ "Риксос" қонақүйінде карантин режимі мен дезинфекциялық шаралардың сақталуын тексерді. Қонақүй басшылығына санитарлық талаптарды сақтау, сондай-ақ бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде субъектінің құқықтары мен міндеттері туралы түсініктемелер берілді", – дейді Ақтау қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асима Жарылғасова.

Бұған дейін Ақтаудың бас санитары "Rixos" қонақүй кешеніне кіруге үш рет кедергі жасалғанын мәлімдеген еді. Ол демалыс орындарына алдын ала ескертусіз тексерулер жүргізуге құқылы екенін жеткізді. 

Қазір оқып жатыр

Айды зерттеу – Қазақстан ғылымының жаңа бағыты

Астанада көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 3 бала қаза тапты

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады

«Алматы қаласындағы ахуал да тым күрделі»: Тоқаев Мирзиеёвтің бастамасын қолдады