«Самұрық-Қазына» тобының қарызы ең көп ТОП-5 компаниясы

Бұл бeсeудің жиынтық қарызы 8,4 трлн теңгеге жеткен.

«Самұрық-Қазына» баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Қаржылық есептерге сүйенсек, ең үлкен борыштық жүктеме «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», QazaqGaz, «Самұрық-Энерго» және «Қазақтелекомға» тиесілі.

ҚМГ

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жалпы қарызы 3,504 трлн теңге болды. Оның 2,963 трлн теңгесі – облигациялар, 541,1 млрд теңгесі – банктeр алдындағы қарыз. Қарыздардың 2,4 трлн теңгесі доллармен, 819,1 млрд теңгесі теңгемен, 185,8 млрд теңгесі еуромен және 86,7 млрд теңгесі қытай юанімен номинацияланған. Компанияның облигациялық портфелінде 2048 жылы өтелетін 1,5 млрд долларлық облигациялар бойынша 601,9 млрд теңге, 2030 жылы өтелетін 1,25 млрд долларлық облигациялар бойынша 604,2 млрд теңге және 2047 жылы өтелетін 1,25 млрд долларлық облигациялар бойынша 474,1 млрд теңге міндеттеме бар.

Бұдан бөлек, KASE-дегі облигациялар бойынша берешек 709,9 млрд теңгеден, ал Гонконг қор биржасындағы юань облигациялар көлемі 86,7 млрд теңгеден асады.

Кредиторлар қатарында Unicredit, ING, Raiffeisen Bank, Garanti Bank алдындағы синдикатталған қарыз (165,2 млрд теңге), Лондондағы банк филиалы алдындағы міндеттеме (76,3 млрд теңге), Cargill (48,1 млрд теңге), BCP Bank (40,8 млрд теңге), ЕҚДБ (23,5 млрд теңге), ЕАДБ (26 млрд теңге), Қазақстанның Даму Банкі (23,4 млрд теңге) және Halyk Bank (30,8 млрд теңге) бар.

ҚТЖ

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қарыздары мен облигациялық қарыздарының көлемі 3,33 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде 2,72 трлн теңгесі ұзақ мерзімді, 607 млрд теңгесі қысқа мерзімді міндеттемелер. Сенаттағы Үкімет сағатында жарияланған мәлімет бойынша ҚТЖ-ның номиналды қарызы 4,7 трлн теңге, ал баланстық қарызы 3,8 трлн теңге екені айтылған.

Валюталық құрылымда швейцар франкімен алынған қарыз 1,08 трлн теңге, еуродағы міндеттемелер 370 млрд теңге, юаньдағы қарыз 56 млрд теңге, ал долларлық еурооблигациялар көлемі шамамен 394 млрд теңге болған.

Компанияның негізгі кредиторлары қатарында Société Générale мен Natixis (371 млрд теңге), Citibank пен АҚШ-тың EXIM Bank-і (265 млрд теңге), Еуразиялық даму банкі (92 млрд теңге), AIIB, IFC және Standard Chartered қатысқан синдикатталған қарыз пакеті (89 млрд теңге), сондай-ақ ЕҚДБ (89 млрд теңге) бар. Кәсіпорынның облигациялық қарызы 1,4 трлн теңгеден асады.

QazaqGaz

Қарыз көлемі бойынша үшінші орында «QazaqGaz» ұлттық компаниясы тұр. 2025 жылдың соңында оның жалпы борышы 623,2 млрд теңге болған. Оның 583,8 млрд теңгесі облигациялық қарыздарға, 9,8 млрд теңгесі банк кредиттеріне және 29,6 млрд теңгесі жалға алу міндеттемелеріне тиесілі.

Негізгі кредиторлар қатарында Қазақстанның Даму Банкіне тиесілі 8,6 млрд теңгелік және Еуропалық қайта құру және даму банкіне тиесілі 1,1 млрд теңгелік қарыз бар.

2026 жылдың алғашқы тоқсанында компанияның таза шығыны 46,6 млрд теңге болды. Сонымен қатар таза борыш көлемі 212,3 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 55% өсті. Қысқа мерзімді міндеттемелер 624,9 млрд теңгеге, ұзақ мерзімді міндеттемелер 733,4 млрд теңгеге жетті. Ал облигациялық қарыз көлемі – 576,3 млрд теңге.

Самұрық-Энерго

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның жалпы қарызы – 585 млрд теңге. Оның 480,7 млрд теңгесі ұзақ мерзімді қарыздар мен облигациялардан, 104,3 млрд теңгесі қысқа мерзімді міндеттемелерден тұрады.

Ұзақ мерзімді қарыздардың ішінде банк несиелері 362,1 млрд теңге, «Самұрық-Қазынадан» алынған қарыздар 80,6 млрд теңге және облигациялар 37,5 млрд теңге болды.

Қысқа мерзімді бөлікте банк қарыздары 70 млрд теңге, «Богатырь Көмірден» алынған қарыз 15,6 млрд теңге, «Самұрық-Қазына» алдындағы міндеттемелер 9,2 млрд теңге және облигациялар 9,1 млрд теңге болған.

Қазақтелеком

«Қазақтелеком» тобының қарызы 398 млрд теңгегe жeткeн. Оның ішінде өзгермелі мөлшерлемемен шығарылған облигациялар көлемі 170,7 млрд теңге, тұрақты мөлшерлемелі облигациялар 139,1 млрд теңге, ал банктер мен қаржы ұйымдарынан тартылған несиелер 88,1 млрд теңге болды.

Қарыздардың 157,8 млрд теңгесі ұзақ мерзімді, 240,2 млрд теңгесі қысқа мерзімді міндеттемелер.

Компанияның негізгі кредиторлары қатарында Қазақстанның Даму Банкі, Bank of China Kazakhstan, «Нұрбанк» және Еуразиялық даму банкі бар. Айналымдағы облигациялық шығарылымдардың жалпы көлемі шамамен 310 млрд теңге болып тұр.

Air Astana

Air Astana тобының қаржылық міндеттемелері шамамен 494 млрд теңгеге жеткен. Алайда бұл соманы ҚТЖ, ҚазМұнайГаз немесе QazaqGaz қарыздарымен тікелей салыстыру орынсыз болар eді.

Компанияның тікелей қарызы небәрі 2,6 млрд теңге болса, жалдау бойынша міндеттемелер 491,3 млрд теңге болып отыр. Компанияның болашақ лизинг төлемдерінің жалпы көлемі 743,4 млрд теңгегe жeтпeк. Оның 12,6 млрд теңгесі бір жыл ішінде, 345,4 млрд теңгесі бір жылдан бес жылға дейінгі кезеңде, ал 385,4 млрд теңгесі бес жылдан кейін төленуге тиіс.

Автор: Анық Есімбай