«Самұрық-Қазына» басшысының ұсталуы бұрын-соңды болмаған жағдай»: саясаттанушы

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшыларын ұстауына қатысты пікір білдірді.

facebook.com/adaniyar

Астана, NEGE. Оның пікірінше, ҚТЖ басшыларына қатысты мұндай жағдайлар бұрын да болғанымен, қор басшысының ұсталуы – бұрын-соңды болмаған оқиға.

Сондай-ақ, саясаттанушы мемлекет лауазымы мен саяси ықпалына қарамастан, сыбайлас жемқорлықпен күрес және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында қатаң ұстаным танытып отырғанын атап өтті. 

Саясаттанушының пікірінше, бұл ұстаным Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтқан «Заң мен тәртіп» қағидатымен үндес. 

«Самұрық-Қазына» басшысы – елдегі жоғары лауазымдардың бірін атқарады, ал қор көптеген маңызды мемлекеттік бағдарламаның операторы саналады. Сондықтан оның қызметтік дәрежесі мен беделіне қарамастан ұсталуы өзгелерге сабақ болуы керек, – деп жазды Әшімбаев Telegram арнасында.

Еске салайық, ҰҚК «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Әзірге күдіктілерге нақты қандай айып тағылғаны белгісіз. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ал NEGE редакциясы өз кезегінде екі басшының өмірбаянын, еңбек жолын, табысы мен отбасы туралы ашық деректерді зерделеп көрді.