«Самұрық-Қазына» 122,2 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған
Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес ұйымдарындағы мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізіп, 351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтарды анықтады.
Астана, NEGE. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қордың компаниялар тобының кірісі – 16,5 трлн теңгені, ал холдингтің компаниялар тобының шоғырландырылған таза пайдасы – 2,4 трлн теңгені құрады.
«Қордағы корпоративтік басқару деңгейінің жеткіліксіздігі байқалды. Атап айтқанда, стратегиялық құжаттарды тиісінше әзірлемеу, жоспарлы көрсеткіштерді төмендету фактілері орын алған, холдингтің Даму жоспарының орындалуына бақылауды күшейту қажет», – деп атап өтті аудиторлық палата.
Холдингтің құрылымы тым күрделі күйге жеткен. Қор тобына 6 деңгейге бөлінген 326 компания кіреді. 2020-2024 жылдары Қор тобында 23 белсенді емес компания болған, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 41 компания шығынмен аяқтаған. Бұл активтер құрылымын оңтайландырудың және оларды тиімді басқарудың маңызды әлеуетін көрсетеді.
Сондай-ақ инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылауды түбегейлі күшейту қажет, себебі 2020 жылдан 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін Қор тобының 175 жобасының тек 49-ы ғана аяқталған.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша:
- 351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар;
- 122,2 млрд теңге сомасында тиімсіз жоспарлау және қаражатты пайдалану фактілері анықталды;
- 119 жүйелік кемшілік тіркелді.
Бірқатар материал әкімшілік іс қозғау үшін жолданды, ал анықталған жекелеген бұзушылықтар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.