«Самұрық-Энерго» компаниясының жаңа басшысы тағайындалды

Аңсар Айдаров «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.

samruk-energy.kz

Астана, NEGE. Жаңа басшыға инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын және электр станцияларының уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету міндеті жүктелмек.

Аңсар Айдаров 2013 жылдан бері «Самұрық-Қазына» тобының құрылымында жұмыс істейді. Бұған дейін «Самұрық-Энерго» компаниясында жобалық кеңсенің жетекшісі, инвестициялар жөніндегі бас директоры қызметтерін атқарған. Сондай-ақ «Энергия Семиречья» ЖШС-ін басқарды.

Еске салайық, 28 қазан күні «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай шешімге компанияның өз міндеттерін тиісті дәрежеде орындамауы себеп болған.