14 января 2026 г. 14:12

Салтанат Нүкенованың есімі жазылған мемориалды тақта алып тасталды

Фото: instagram.com/aitym

Бұл туралы петропавлдық белсенді және құқық қорғаушы Вадим Курамшин мәлімдеді.

Астана, NEGE. Ол бұған дейін Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдінің Қостанай облысы Амангелді ауданында орналасқан пантеонға мемориалды тақта орнату жөніндегі бастамасын сынға алғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл пікірі жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау тапқан.

«Бүгін таңертең маған әкімдік қызметкерлері қоңырау шалып, Салтанат Нүкенованың есімі жазылған мемориалды тақтаны алып тастағанын хабарлады», – дейді Курамшин әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялаған видеода.

Бұған қоса белсенді пантеон туралы ақпарат жинағанын атап өтті. Оның анықтауынша, бұл пантеонды меценат Сапар Ысқақов демеушілердің қаржысына салдырған. Пантеон ел дамуына үлес қосқан тұлғаларды еске алатын орын ретінде тұрғызылған. Алайда белсенді ол пантеонға Салтанат Нүкенованың мемориалдық тақтасын орнатуға наразылық танытқан. 

Курамшиннің пікірінше, мұндай шешімдер қоғам алдында талқылануы керек әрі пантеонға мемориалды тақтасы орналатылатын адамдарды іріктеу критерийлері анық және ашық болуы керек.

Айта кетейік, өткен жылғы қазанда Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелді марқұм қарындасының есімі Қазақстанның айтулы тұлғаларының пантеонына енгізілгенін хабарлаған еді.