Салық заңы: халықтың қарызын кешіруі мүмкін бе?
Енді елдегі микроқаржы және коллекторлық ұйымдары қазақстандықтардың қарыздарын есептен шығаруды ынталандыра алады.
Астана, NEGE. Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда салық заңнамасына тиісті өзгерістер енгізді, деп хабарлайды nege.kz.
Жеке тұлғалардың берешегі микроқаржылық ұйымдармен, коллекторлық агенттіктермен кешірілген кезде қалыптасатын кірістерді салық салудан босату көзделіп отыр. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың проблемалық микрокредиттері есептен шығарылуына байланысты микроқаржы ұйымдарының кірістерін салық салудан уақытша, яғни үш жылға босату қарастырылып отыр.
Екіншіден, негізгі заң жобасы аясында балаларға Ұлттық қордың табысынан аударылатын нысаналы жинақтарды салықтан босату ұсынылып отыр. Осының арқасында әр баланың иелігінде жинақтардың 10 пайызы сақталады.
Сонымен қатар, заң жобасында бірқатар басқа да жаңалықтар бар: Екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банк ноталары бойынша салық салынатын кірісін азайтуға мүмкіндік беретін құқығын алып тастау жоспарлануда. Бұндай қадам, оларды бос қаражаттары есебінен экономиканың нақты секторын, соның ішінде бизнесті кредиттеуге бағыттайды деп көзделеді.
Жеке тұлғалар үшін жыл сайын салық есебін тапсыру жеңілдетілетін болады. Осы мақсатта салық салушылар дерекқордан, оның ішінде басқа да мемлекеттік органдардан дербес ала алатын мәліметтерді ұсынуды алып тастау ұсынылады.
Қазақстандықтардың бұрын жасаған сатып алулары, сондай-ақ орындалған жұмыстары мен қызметтері үшін алған бонустары мен жеңілдіктерін салық салудан босату жоспарлануда. Бір жылдан астам уақыт жеке тұлға меншігінде болған тұрақ орнын сатудан түскен кіріс те салықтан босатылады.