Сақтандыру омбудсманы деген кім? Ол не үшін керек?
Жылжымайтын мүлік, үй, денсаулық сақтау, транстпортық меншікке қатысты кез келген сақтандыру ұйымдарымен келіспеушілікке ұшыраған клиенттерге енді сақтандыру омбудсманы көмектеседі. Бұл туралы бүгін ОҚК брифингінде ҚР Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтып берді.
– Сақтандыру омбудсманы елімізде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ сандандырушылардың көбі бұл қандай қызмет екенін және оған қандай жағдайда жүгіну керек екенін білмейді. Сақтандыру омбудсманының негізгі қызметі – клиенттердің сақтандыру ұйымымен болған келіспеушіліктерін сотқа дейін реттеуге көмектесу. Омбудсман қызметі клиенттерге тегін көрсетіледі. Оған барлық сақтандыру түрлері бойынша жеке тұлғалармен қатар шағын кәсіпкерлікті дамыту субъектілері де жүгіне алады. Оған арызды почта, сайт арқылы жолдауға болады.
Мария Хаджиеваның айтуынша, клиент сақтандыру компаниясымен даулы мәселеге тап болғанда соттан бұрын міндетті түрде сақтандыру омбудсманына келіп жүгіну керек. Егер омбудсман ол мәселені шеше алмаған жағдайда ары қарай сотқа баруға болады. Бұл норма 2024 жылы заңды күшіне енбек. Осы тұрғыда «егер клиент дау кезінде неге дереу сотқа жүгіне салмасқа?» деген сұрақ туындайды. Қаржы нарығын реттеу төрағасының орынбасары оның клиенттерге тиімді 3 аспектісін атап берді.
– Біріншіден, соттағы алымдарға артық шығындалудан сақтайды. Өйткені сақтандыру омбудсманының қызметі мен кеңесі жеке тұлғалар үшін тегін.
Екіншіден, ол – кәсіби заңгер. Сондықтан ол сақтандыру бизнесі мен саласындағы мәселелерді тереңірек біледі.
Үшіншіден, оның қызметі сот процесінен аз уақытты алады. Яғни, омбудсманға арыз түскен күннен бастап, екі айдың ішінде мәселенің шешілуін реттейді. Және оның шешімін сақтандыру компаниялары да орындауға міндеттеледі. Егер келіспеген күннің өзінде ол шешім сотта қаралады.
Сондай-ақ, Мария Хаджиева осы процестердің барлығын ҚР Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі қадағалап отыратынын жеткізді.