Сайлаудағы заң бұзушылықтар туралы шағымдардың бір бөлігі Бас прокуратураға жолданды

Сайлаудағы заң бұзушылықтар туралы шағымдардың бір бөлігі ҚР Бас прокуратурасына берілді, деп хабарлайды Орталық коммуникациялар қызметі.

Алматы, NEGE. «Дауыс беру басталғалы прокуратураға заң бұзушылықтар туралы 25 арыз түсті, оның бесеуі Бас прокуратураға жолданды. Олар жергілікті прокурорларға тексеру жұмыстарын жүргізу үшін жіберілді», - деді жексенбі күні Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Азамат Сарғазин.

Оның айтуынша, құқық бұзушылықтың басым бөлігі үгіт-насихат жұмыстарына қатысты болған. Яғни, тыйым салынған уақытта үгіт-насихат жүргізіп жатқандар анықталған.

«Сонымен қатар азаматтар бүгінде аумақтық прокуратураларға тікелей жүгініп жатыр. Атап айтқанда, Астана қаласында – төрт, Алматыда – бір, Шымкентте – үш, Шығыс Қазақстан облысында – бес, Түркістанда – төрт, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бір-бірден. Шағымдардың барлығы қаралуда», - деді Сарғазин.