САЙЛАУ науқанының көрігі қызып келеді: ПАРТИЯЛАР ел аралап жүр
Бүгін – науқанның төртінші күні. Мәжіліс пен мәслихаттардан үміткер партия мүшелері өңірлерді аралап, жұртшылыққа бағдарламасын шама-шарқынша насихаттай бастады.
ЖСДП партиясы Көкшетауда өткен бүгінгі кездесуде денсаулық сақтау жүйесіне қатысты мәселені көтерді.
«Пандемия кезінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі біраз былық әшкереленді. Өңірлерде ауруханалардың заманға сай жабдықталмауы, мамандардың тиісті дайындықтан өтпеуі – айта берсең, көп-ақ. Соның бірі – медициналық сақтандыру.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2020 жылдан бері шенеуніктердің қалтасын қампайтпаса, үмітті еш ақтамады. Мемлекет болса, азаматтарымыздың денсаулығын қорғауға қатысты міндеттерін орындауға асығар емес», – дейді ЖСДП мүшелері.
«Байтақ» жасылдар партиясының өңірлік штабтары да үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр.
Бүгін 2023 жылғы 22 ақпанында «Байтақ» жасылдар партиясының Атырау өңірлік штабының үйлестірушісі Амандық Қанатбайұлы және Мәжіліс кандидаты Көшенов Марал Атырау қаласындағы қалдықтарды жинау, тасымалдау және өңдеумен айналысатын кәсіпорын «West DALA» ЖШС ұжымымен кездесті.
Жүздесу аясында серіктестік қызметкерлеріне алдағы науқанның маңыздылығы мен партияның сайлауалды бағдарламасы кеңінен түсіндірілді.
Сондай-ақ «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов, Серік Егізбаев, Дәурен Рахымбек, Қантай Әлібек, Жандос Тұрсынғалиев Шығыс Қазақстан облысында орналасқан «Май» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Шараға Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатқа партия атынан кандидаттар да қатысты.
«Біз Мәжілісте аграрийлер мен отандық азық-түлік өндірушілерін сөзсіз мемлекеттік қолдауға берік кепілдіктер беретін «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдаймыз. Отандық бизнесті импорт қысымынан қорғау үшін жаңа кедендік-тарифтік саясатты қолданысқа енгіземіз. Квазимемлекеттік сектор арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және кепілдендірілген сатып алу жүйесін құруға қол жеткіземіз», – деді Қ.Айтуғанов.
Respublica партиясы да сайлау науқанын белсенді бастады. Республика аумағында өтіп жатқан іс-шараларға партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, тең төрағалар Динара Шүкіжанова, Бейбіт Әлібеков, Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Қуаныш Шонбай, Максим Барышев, Нұрлан Қоянбаев, сондай-ақ партия мүшелері мен депутаттыққа кандидаттар қатысуда. Партия республикалық, сондай-ақ 20 облыстық штаб ашты. Жалпы, небәрі 4 күннің ішінде партия мүшелерімен кездесуге еліміздің төрт қаласынан 10 мыңнан астам адам қатысты.
«Ақыры көптен күткен сәт те келіп жетті. Сайлау науқаны басталды. Енді біз барлық күшімізді жұмылдыра отырып, жұмыс істей аламыз! Мен сіздердің әрқайсыңыздың осы күнге дейін де қаншалықты ұзақ әрі ауыр жұмыс істегендеріңізді білемін – уақытылы тамақтанбау, ұйқы режимінің бұзылуы, күрделі тапсырмаларды орындау сияқты қиындықтар барлығыңызды мазалағанын білемін. Қателіктер де болды, жеңістеріміз де аз емес. Ең бастысы, біз сапарымызда осы маңызды кезеңге де келіп жеттік! Бүгіннен бастап республикалық, облыстық штабтардың есігі әр азаматқа айқара ашық», – деді партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров.