«Сахнагер – 2019» Ұлттық театр жүлдесі табысталды
Нұр-Сұлтанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Жастар театрының ғимаратында "Сахнагер-2019" Ұлттық театр сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Алматы, NEGE. Шараны ұйымдастырушы Қазақстан театрлары ассоциациясының Президенті, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Ассоциацияның вице-президенті, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы Асхат Маемиров "Сахнагер" Ұлттық жүлдесіне үміткерлерді тағы бір мәрте құттықтап, шараның берер пайдасы мен театрдың маңыздылығын атап өтті.
Жастар театрында өткен салтанатты шарада алдымен "Сахналық ғұмыр" аталымы бойынша жеңімпаз атанған Рымкеш Омарханова мен Гүлжамал Қазақбаева марапатталды. Оларға арнайы диплом мен 500 мың теңгенің куәліктері тапсырылса, "Театр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін" Олег Ли, Ғайниқамал Байқошқарова, Сердок Қажымұратов пен Мағзұм Бақытжановқа берілді.
Бұдан бөлек, театр өнерінің биылғы үздік мамандары аталды. Олар - үздік грим суретшісі Дарьяш Қасымова, үздік дыбыс режиссері Ержан Қажымов, үздік жарық қоюшы - суретшісі Дмитрий Драгой, үздік сценограф-суретші Сергей Мельцер, үздік қуыршақ жасау шебері Әсия Құрманалина, үздік костюм суретшісі Ерлан Тұяқов, үздік драматург Роза Мұқанова, үздік менеджер Талғат Есенәлиев, үздік театр сыншысы Анар Еркебай, үздік қуыршақ театрының актері Досымхан Бейсенбаев, екінші пландағы үздік актер Әлішер Махпиров, екінші пландағы үздік актриса Динара Әбікеева, үздік опера солисі Нұржан Бәжікенов, үздік балет әртісі Әйгерім Бекетаева, үздік хореограф Айгүл Тәти, үздік актриса Назгүл Қарабалина, үздік актер Нұркен Өтеуілов және үздік режиссер Гүлсина Мирғалиева. Бұл үздіктерге 1 миллион теңгеден тапсырылды.
Ал, жас актерлер "Үміт" дипломдарына және ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Осыменен Ұлттық театр сыйлығы елімізде биыл үшінші рет өз иегерлерін тапты. Олардың қатарында драма, опера, балет, қуыршақ, жастар театрларында еңбек етіп жүрген, барлығы 54 айрықша дарыны мен шығармашылығы арқылы ел өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан кәсіби мамандар бар.