Сахнада диплом жыртқан студент бес тәулікке қамауға алынды
Алматыда бітіру салтанатында «дипломын жыртып тастаған» колледж түлегі әкімшілік жауапқа тартылды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде қалалық полиция департаменті хабарлады. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді тексеріп, TikTok платформасында қоғамда резонанс тудырған бейнежазбаны анықтаған.
«Тексеру барысында Алматы қаласындағы жекеменшік колледждердің бірінің түлегі диплом табыстау салтанатынан кейін диплом мұқабасына ұқсас затты көпшілік алдында жыртып жатқан бейнежазбаны жариялағаны белгілі болды», – делінген хабарламада.
Полицейлердің хабарлауынша, дипломның түпнұсқасы, оған қоса берілетін қосымшасы және оқу орны берген түпнұсқа мұқабасы бүлінбеген. Бейнежазбада алдын ала дайындалған диплом мұқабасының көшірмесі пайдаланылған.
«Соған қарамастан жарияланған бейнеролик интернет желісінде кеңінен тарап, қоғамда түрлі пікір туғызып, полицияның тексеруіне негіз болды», – дейді ведомствоның баспасөз қызметі.
Тексеру қорытындысы бойынша студент Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі (Жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, дипломды жыртқан Халықаралық бизнес және коммуникация колледжінің студенті Дәулет Әбдірахман болып шықты. Кеше, 15 шілдеде колледждің желідегі парақшасында оның көпшіліктен кешірім сұраған видеосы жарияланды.