«Сағиды» өлтірді деген күдікке кім ілінген?

Күні кеше 2006 жылы жезқазғандық криминалдық авторитет Сағит Шоқпытовты өлтірді деген күдікке ілінген Витта Махмаханов ұсталды.

dha.com.tr

Астана, NEGE. Журналист Асқар Жалдинов осыған байланысты жиырма жыл бұрынғы атышулы оқиғаларды еске алды.

«Қазақмыс» төңірегіндегі қылмыстық топ

Сағит Шоқпытов – 2000 жылдардың ортасында Орталық Қазақстандағы қылмыс әлемінің ықпалды өкілдерінің бірі болған. Әскерде жүргенде омыртқасынан ауыр жарақат алып, мүгедектер арбасына таңылғанына қарамастан, Жезқазған өңіріндегі қылмыстық топты басқарған.

Жалдиновтың жазуынша, Шоқпытовтың тобы «Қазақмыс» корпорациясының жекелеген кәсіпорындарынан жанар-жағармай ұрлаумен, бопсалаумен айналысқан. Топтың полиция қызметкерлері мен кәсіпорын басшылары арасында да байланыстары болған.

Журналист қылмыстық іс материалдарын зерттеу барысында қызық дерекке тап болған. Бес жыл бойы Жезқазған мен Сәтбаевтағы жекеменшік жанармай құю бекеттерінің иелері мұнай базаларынан дизель отынына тапсырыс бермеген деуге болады. Соған қарамастан, өңірде дизель тапшылығы болмаған, ал оның бағасы елдегі ең төмен бағалардың қатарында болған.

Жергілікті қылмыстық топтың әрекетін тергеуге ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері тартылған. Алайда Шоқпытов жанар-жағармай ұрлығына қатысы бар адамдарды жаппай ұстау басталардан бірнеше күн бұрын қаза тапқан.

Махмаханов не үшін күдікке ілінді?

2006 жылғы 28 қарашада Сағит Шоқпытов өз үйінің маңында атып өлтірілді. Келесі күні полиция Алматы – Қарағанды тасжолында, Топар ауылының маңында Витта Махмахановты ұстаған. Кейін оған Шоқпытовты өлтірді деген айып тағылды.

Тергеушілер қастандықтың бірнеше нұсқасын қарастырған. Соның бірі – Шоқпытов пен Виттаның інісі Әмір Махмахановтың арасындағы жанжал. Әмір Лондонда білім алып, «Қазақмыс» корпорациясында тағылымдамадан өткен.

Тағы бір нұсқа бойынша, корпорация басшылығындағы кейбір адамдар Шоқпытовтың көзін жоюға мүдделі болуы мүмкін деген болжам қарастырылған.

Алайда бұл нұсқалардың ешқайсысы дәлелденбеді. Бір жылға жуық тергеуден кейін сот Витта Махмахановты ақтап, оны сот залынан босатты.

Үш ағайындының өлімі

2007 жылғы наурызда Алматы облысының Маловодное және Қазатком ауылдарында тұрмыстық жанжал жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Қазаткомда Махмахановтар отбасының үйі қиратылып, өртелді. Оқиға салдарынан үш ағайынды – Хаджимурат, Нажмуддин және Әмір Махмаханов қаза тапты.

Сол кезде БАҚ-та Махмахановтар отбасының мемлекеттік құрылымдардағы байланыстары мен жергілікті тұрғындардың оларға қатысты шағымдары туралы жазылды. Ағайындылардың бірі сот жүйесінде жұмыс істесе, екіншісі мұнай бизнесімен айналысқан, тағы бірі «Қазақмыспен» байланысты болған.

Төрт күннен кейін жоғалған журналист

Шоқпытовтың өлімі, «Қазақмыстағы» ұрлық және Махмахановтар отбасының қызметі туралы журналист Оралғайша Омаршанова да зерттеу жүргізген.

2007 жылғы 26 наурызда оның «Кровавый беспредел, или Кто стоит за братьями-„махновцами“?» атты соңғы мақаласы жарық көрді. Арада төрт күн өткенде журналист із-түзсіз жоғалып кетті.

Омаршанованың тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Оның жоғалуы журналистік зерттеулерімен байланысты екені де дәлелденген жоқ.

Асқар Жалдинов Витта Махмахановтың Түркияда ұсталуынан кейін Қазақстанның құқық қорғау органдары жиырма жыл бұрынғы оқиғаларға қайта орала ма деген сауал көтерді.

Журналист үшін Шоқпытовты кім өлтіргенін анықтаудан да маңыздысы – әріптесі Оралғайша Омаршанованың тағдырын білу.