Садриддин кезекті жекпе-жекке дайындалып жатыр
«Eye of the Tiger Management» промоутерлік компаниясы қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедовтің (10-0, 9КО) келесі жекпе-жегі қашан өтетінін жариялады.
Алматы, NEGE. WBC нұсқасы бойынша жастар арасында бірінші орта салмақтағы әлем чемпионы шаршы алаңға 7 желтоқсанда қайта оралады. Ол Канаданың Монреаль қаласында аргентиналық Хосе Антонио Вильялобоспен (12-5-2, 7КО) кездеседі.
Қос құрлықтың боксшылары Давид Лемье (40-4, 34КО) мен Макс Бурсак (35-5-2, 16КО) айқасының андеркартында өзара мықтыны анықтамақ.
«Садриддин Ахмедов өзінің жеңіс сериясын жалғастыруды көздесе, Хосе Антонио Вильялоблос оған тұңғыш рет жеңілістің не екенін көрсетуге тырысады. Ахмедов – туа біткен дарын иесі, техникалық әбжілдігімен, күш-қуатымен танылған ерекше боксшылардың бірі. Бұл айқаста «Q сарбазы» мен аргентиналық «Цунамидің» текетіресін көресіздер», – делінген «Eye of the Tiger Management» компаниясының хабарламасында.