9 февраля 2026 г. 8:50

Сабуров: Уақыт бәрін өз орнына қояды

Фото: YouTube/Заmandas

Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынған әзілкеш Нұрлан Сабуров әлеуметтік желідегі парақшасында басынан өткен жағдайға алғаш рет пікір білдіріп, журналистер мен блогерлерге үндеу жасады.

Астана, NEGE. Ол құзырлы органдармен заңгерлер жұмыс істеп жатқанын айтқан. Сондай-ақ шығармашылық тұрғыдан дамуына жол ашқан Ресей еліне алғысын жеткізген.

«Уақыт бәрін өз орнына қояды. Стендап-комик ретіндегі жолым шамамен 15 жыл бұрын Екатеринбургте басталып, кейін Мәскеуде жалғасты. Осы жылдар ішінде Ресейдің көптеген қаласында болдым, кейбіріне бірнеше рет бардым. Барлық жерде мені достық пейілмен жылы қарсы алды.

Маған шығармашылық тұрғыдан дамуға мүмкіндік берген, өнер иесі ретінде қалыптасуыма жол ашқан, сондай-ақ Ресейдің өзінде де, одан тыс жерлерде де көпұлтты үлкен аудитория жинауыма себепкер болған елге алғысымды білдіремін. Рахмет сіздерге», – деп жазды Нұрлан Сабуров.

Бұған қоса ол журналистер мен блогерлерден жұбайы мен балаларының, ата-анасының жеке өміріне құрметпен қарауды өтінген.

Telegram-дағы «Важные истории» арнасы Сабуровтың танысымен сөйлескен. Оның айтуынша, комиктің Ресейге кіруіне әзілдері емес, Федералды қауіпсіздік қызметімен әріптестік орнатпауы себеп болған.

«Сабуровтың танысының сөзінше, комикті бірнеше рет Қауіпсіздік қызметінің Лубянкадағы ғимаратына шақырып, онда онымен ұзақ әңгімелер жүргізіп, әріптестікке көндіруге тырысқан. Алайда Сабуров нақты жауабын айтпай "жалтарып кетуге" тырысқан.

Осыған байланысты Сабуровқа үш рет Ресейде уақытша тұру ықтиярхатын алуға рұқсат берілмеген. Соңғы рет 2025 жылы шақырып, екі жолдың бңрін таңдауды ұсынған: не Ресей Қарулы күштерімен келісімшартқа қол қойып, бір жылға майданға аттанады, не елден кетеді», – деп жазады басылым.

Сондай-ақ ақ арна мәліметінше, Сабуров өзінің «ресейшіл» ұстанымын дәлелдемек болып, «арнайы әскери операция қажеттіліктері үшін» 10 «Эндуро» мотоциклін тапсырып, «Все для Победы» қорына 2 миллион рубль аударған.

Еске салайық, бұған дейін ресейлік БАҚ-та Сабуровқа Ресей Федерациясының аумағына 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жайлы ақпарат тарады. Әзілкеш бұл жаңалықты Дубайдан Мәскеуге ұшып келген сәтінде Внуково әуежайында бірақ білген. Ол Қазақстанға оралуға мәжбүр болды.