Роналдиньо қазақ бүлдршіннің тұсауын кесуге қалай келісті? Әкесі ерекше кездесу қалай өткенін әңгімелеп берді

Әлемге әйгілі футболшы Роналдиньоның Дубайда қазақ баласының тұсауын кескені әлеуметтік желіде қызу талқыланып, желі қолданушыларының таңданысын тудырды.

Отбасының жеке мұрағатынан

Астана, NEGE. Бразилиялық футбол аңызымен кездесуді ұйымдастырып, оны қазақтың тұсаукесу рәсіміне қатыстыру қалай іске асты? Роналдиньо ұлттық дәстүрімізді қалай қабылдады? Бүлдіршіннің тұсауын кескені үшін футболшы қанша ақы алды? Бұл жөнінде NEGE тілшісіне бүлдіршіннің әкесі Әлислам әңгімелеп берді.

Әлисламың айтуынша, ұлының тұсау кесу рәсімі Дубайда өткен. Роналдиньоның қатысуының арқасында тұсау кесер халықаралық деңгейдегі ерекше шараға айналған.

«Ата-ана ретінде бұл біз үшін ең алдымен ерекше әсер қалдырған, ұмытылмас сәт болды. Тұсаукесер баланың өз бетінше өмір жолына қадам басуын білдіреді. Ал дәл осы күні ұлымыздың жанында Роналдиньоның болуы бұл оқиғаны отбасымыздың тарихындағы айрықша естелікке айналдырды» – дейді ол.

Екі баласымен Астанада тұратын жас отбасы Дубайға демалысқа барған. Бастапқыда олардың ойы тек отбасымен көңілді уақыт өткізіп, жаңа әсер алу болған. Алайда бұл сапар отбасы үшін күтпеген жерден ұмытылмас сәтке ұласқан.

Ата-анасы ұлының тұсау кесер рәсімі айрықша әрі есте қаларлықтай өткенін қалап жүрген. Ал тұсауды кім кесетініне келгенде, таңдау әлемдік футбол жұлдызы Роналдиньоға түскен.

«Тұсау кесу – қазақтың ең әдемі дәстүрлерінің бірі. Біз үшін ұлттық мәдениетімізді ұлымыз өмір бойы есінде сақтай алатын оқиғамен ұштастыру маңызды болды. Таңдау неліктен Роналдиньоға түсті дегенге келсек, ол – әлемдік футболдың аңызы. Оны бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам таниды әрі жақсы көреді. Біз үшін ол – таланттың, харизманың, шынайы күлкінің және өз ісіне деген сүйіспеншіліктің символы», – дейді Әлислам.

«Бәрі бір Алланың қалауымен болды»

Әлемдік деңгейдегі футболшымен байланыс орнатып, оны отбасылық рәсімге шақыру оңай болмаған. Алайда ата-анасы Дубайға барған сапарында туған мүмкіндікті қалт жібермей, Роналдиньомен кездесуді ұйымдастыруға күш салған. Олардың айтуынша, бұл ерекше жүздесудің іске асуына ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан жандардың көмегі сеп болған.

«Бәрі бір Алланың қалауымен болды. Біз Дубайдағы сапарымыз кезінде пайда болған мүмкіндікті пайдаландық. Осындай ерекше кездесуді ұйымдастыруға көмектескен адамдардың арқасында арманымыз орындалды», – дейді бүлдіршіннің әкесі.

Бір қызығы, ата-анасы Роналдиньоның ұлының тұсауын кесуге келісетініне үміттенгенімен, толық сенімді болмаған. Футболшының отбасылық рәсімге келуі олар жас ата-ана үшін де күтпеген әрі жағымды жаңалық болыпты.

«Оның отбасылық рәсімге қатысқаны үшін ақы төлеген жоқпыз. Бұл біз үшін ерекше құнды болды. Отбасымызға көңіл бөліп, маңызды сәтіміздің бір бөлігі болғаны үшін оған шын жүректен ризамыз», – дейді Әлислам.

Роналдиньо қазақтың салтына қалай қарады?

Ата-анасы футболшыға қазақтың тұсаукесу дәстүрінің мәнін алдын ала түсіндірген. Бұл салттың балаға ақ жол тілеу, өмір жолының ашық болуын қалау секілді терең мағынасы барын айтқан.

Роналдиньо да қазақтың ұлттық дәстүріне қызығушылық танытыпты. Оған салттың мәні ұнап, рәсімге құрметпен қарапты.

Ата-анасы үшін әлемге танымал адамның қазақы дәстүрге ықылас танытуы ерекше әсер қалдырған.

Бүлдіршін Роналдиньоны өзі таңдаған

Бұл оқиғаның ең қызықты тұстарының бірі – футболшыны таңдау ата-анасының ғана шешімі болмаған. Ерлі-зайыпты ұлының алдына танымал адамдардың суреттерін жайып қойып, біреуін таңдатпақ болғанда, бала қолына Роналдиньоның суретін алған.

«Бізге оның таңдауы қызық болды. Баламыздың өзі таңдаған адам кейін оның тұсауын кеседі деп ойлаған жоқпыз. Әрине, ол бұл таңдаудың маңызын әлі толық түсінбейді. Бірақ біз үшін бұл өте қызықты әрі символикалық сәйкестік болды», – дейді ата-анасы.

Әлемдік жұлдыздың қазақтың ұлттық дәстүріне қатысқаны Қазақстандағы туыстары мен достарын да таңғалдырған. Отбасының айтуынша, олар құттықтау мен жылы лебізге толы көптеген хабарлама алған.

«Туыстарымыз, достарымыз бен таныстарымыз бұл жаңалыққа таңғалып, біз үшін қатты қуанды. Бізге көптеген хабарлама келіп, жұртшылық ақжарма тілегін жаудырды. Әсіресе әлемнің әр түкпіріндегі адамдардың ұлттық дәстүрімізге осындай қызығушылық танытып, мәдениетімізге назар аударғанымызға қуанып жатқанын көру ерекше әсерлі болды» – дейді бүлдіршіннің әкесі.

Сөз соңында Әлислам ұлының ұлының дені сау, жолы ашық, мейірімді әрі өзіне сенімді азамат болып өсуін тілеп, ата-ана ретінде әрдайым қолдап, жанынан табылатынын айтты.