«Ромео мен Джулетта» спектаклі «Avignon off» фестиваліне қатысады
Ұлттық қуыршақ өнерінің темірқазығы саналатын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Франция мемлекетінде өтетін заманауи театр өнерінің ең ауқымды шараларының бірі «Off Avignon» халықаралық фестиваліне қатысуға жолдама алды.
Алматы, NEGE. Тарихы 1947 жылдан бастау алатын әлемдегі ең беделді әрі көрнекті мәдени шара Франция мемлекеті Авиньон қаласында жыл сайын өткізіліп келеді. Бүгінде фестиваль түрлі мемлекеттің түкпір-түкпірінен келген шығармашылық ұжымдарды бір арнаға тоғыстырып, мәдени тәжірибе алмасудың маңызды орталығына айналып отыр.
Театр аталмыш фестиваль аясында Уильям Шекспирдің классикалық туындысы «Ромео мен Джульетта» спектаклін 16-26 маусым күндері сағат 20:40-та «LaScierie» театры сахнасында ұсынады. Спектакль жастардың таңдау еркіндігі, патриархалды жүйенің қысымы, ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік және әлемдегі ұлтаралық таптық, мәдени кедергілер сияқты өзекті мәселелерді қуыршақ өнерінің заманауи үрдісі арқылы көрсетеді. Аталмыш спектакль режиссері талантты Дина Жұмабайдың ерекше шығармашылық қолтаңбасы спектакльге эмоционалды тереңдік пен астарлы символдарды қосып, визуалдық және музыкалық шешімдер арқылы көрерменге ерекше әсер қалдырады. Спектакльде көркем қуыршақ пластикасы мен актерлік ойын үйлесімді ұштасып, поэтикалық әрі әсерлі сахналық атмосфера құрылады.
«Off Avignon» фестиваліне қатысу Алматы қуыршақ театрының тарихындағы айтулы белес, ұлттық қуыршақ өнерін әлемдік деңгейде таныстыруға таптырмас мүмкіндік. Біз классикалық шығарма Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясын қуыршақ тілімен жаңаша түрлендіріп ұсындық. Спектакльде актерлік шеберлік пен көркем қуыршақ пластикасы үйлесім тауып, көрерменге жаңа эстетикалық әсер сыйлайды. Спектакль өткен ғасырдағы отбасы тарихын ғана емес, сонымен қатар бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерді қамти келе, мәңгілік өшпес тақырыптарды тереңінен қозғайды. Бұл сапар біздің ұжым үшін үлкен жауапкершілік әрі шабыт көзі», – дейді Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді.
«Ромео мен Джульетта» спектаклі 2024 жылы Канада мемлекеті Оттава қаласында өткен І-ші Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестиваліне тұңғыш рет қатысып, «Гран-При» жүлдесіне, 2022 жылы Болгарияның Варна қаласында өткен «Алтын дельфин» халықаралық фестивалінде «Гран-при», сондай-ақ, «Ең үздік ер адам рөлі» және «Ең үздік дебют» номинацияларын, 2021 жылы Қарағандыда өткен «Сын – шын болсын» республикалық театр фестивалінде «Гран-при» жүлдесін иеленген!
«Off Avignon» фестиваліне қатысу театр ұжымы үшін зор мәртебе ғана емес, сонымен қатар қазақ қуыршақ өнері мен мәдени болмысын әлем жұртшылығына танытатын бірегей мүмкіндік. Бұл - ұлттық өнердің өзіндік бояуы мен терең рухани мәнін халықаралық деңгейде паш етіп, қазақ мәдениетінің көпқырлылығын көрсетуге жол ашатын, шығармашылық ізденістер мен рухани үндестіктер тоғысатын аса маңызды алаң.
Еуропа сахнасында ел атын асқақтататын әріптестерімізге сәттілік тілейміз!