21 ноября 2022 г. 15:21

Роман Василенко, Сыртқы істер вице-министрі: Ресейге хат жіберуге міндетті емеспіз

Фото:

Соңғы уақытта елімізге келіп концерт қоюға «құмартқан» ресейлік әртістер мен әншілер көбеюде. Оның ішінде Украинадағы соғысты ашық қолдағандар да бар. Жақында ғана Қазақстанға келмек болған Ресей әншісі Полина Гагарина мен мәскеулік имам Шамиль Аляутдиновтың да осы позицияны жақтағандары белгілі болды.

Бұған қарсы болған халық әлеуметтік желілерде әкімдіктер мен құзырлы органдарды белгілеп, олардың келуіне тыйым салуын сұрады. Кейін ресми парақшаларда аталған ресейлік азаматтарға шектеу қойылғаны туралы ақпарат шықты.

NEGE тілшісі осы оқиғаларға қатысты Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман ВАСИЛЕНКОНЫҢ пікірін білген еді.

– Украинадағы соғысты қолдаған Ресей азаматтарын елге кіргізу немесе кіргізбеу тікелей сіздердің министрліктеріңіздің құзырында ма? Мысалы сол көзқарасты жақтаған Полина Гагарина сияқты Ресей әртістерінің концертіне шектеу қою мәселесін кім шешеді?

– Сыртқы істер министрлігі мұндай концерттермен тікелей айналыспайды. Сол үшін де бұл концерттерді кімдер ұйымдастыратынын білмеймін. Мүмкін жергілікті билік пен жеке тұлғалар шығар. Бірақ біз жағдайды жіті қадағалап, кейбір жағымсыз формада жасалған мәлімдемелерге лайықты жауап беріп жатырмыз. Яғни, қажет деп тапсақ, біз бұл адамдардың елімізге кіруіне тыйым салуға дейін әрекет етеміз.

Ш.Аляутдинов. Фото: facebook парақшасынан

– Демек, осылай біздің ел Украинадағы соғысты қолдамайтынын білдіреді ғой?

– Мұндай мәселелерге қатысты мемлекеттің негізгі позициясын Мемлекет басшысы, сосын Сыртқы істер министрлігі көрсетеді. Ал Украинадағы соғысқа қатысты біздің мемлекетіміздің көзқарасы белгілі. Оны президентіміз анық айтты да.

Ол: «Біз Ресей мен Украина арасындағы конфликтінің тезірек аяқталғанын қалаймыз. Егер қажет болса Қазақстан екі ел арасында бітімгерлік көмек көрсетуге дайын», – деді.

Яғни, біз БҰҰ жарғысын ұстана отырып, мемлекеттердің, оның ішінде Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтеуді талап етеміз. Және соған шақырамыз. Ал ел ішінде бұл соғысқа да, басқа мәселелерге қатысты да мыңдаған пікір айтылады. Сыртқы істер министрлігі мұндай пікірдің бәріне жауап бере алмайды. Бұл физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Сол үшін де мемлекеттің ресми ұстанымын басшылыққа аламыз.

В.Жириновский. Фото: ғаламтордан

– Ал егер Ресей азаматтары мен өкілдері Қазақстанға қатысты қандай да бір жағымсыз пікір айтқан кезде министрлік қандай шара қолданады?

– Біріншіден, сол адамның сөзіне талдау жасаймыз. Бұл расында халықтың намысына тиетін, қорлау сөз бе немесе негативті пікір ме, соны анықтаймыз.

Егер бұл факторлар анықталса, ол азаматтың елімізге келуіне тыйым саламыз. Мысалы, Владимир Жириновскийге Қазақстанға қатысты айтқан жағымсыз мәлімдемелері үшін елге кіруге тыйым салынған еді.

– «Мына азаматтарыңызға Қазақстанға кіруге тыйым салдық» деп Ресейге хат жібересіздер ме сонда?

– Жоқ, біз оларға хат жіберуге міндетті емеспіз. Бәрі ресми түрде. Яғни, өзіміз жеке шешім қабылдаймыз. Ал ол азаматтардың елге кіруіне тыйым салынғанын хабарлаймыз ба, жоқ па, оны да өзіміз шешеміз. Егер қажет деп тапсақ, міндетті түрде ашық мәлімдеме жасалады.

Тегтер: