Рыбакинаның жылдық табысы белгілі болды
«Sportico» порталы 2024 жылдың қорытындысы бойынша ең көп табыс тапқан теннисшілердің тізімін жариялады. Бақуат­ты­лар көшін әлемнің үшінші ракеткасы Кори Гауфф бастап тұр.
20 жастағы АҚШ-тың өкілі биыл Аустралия ашық біріншілігінің жартылай финалына дейін жетіп, WTA-ның бірнеше турнирінде топ жарды. Сонымен қатар жұптық сайыстарда да сәтті ойнады. Осы көрсеткіштерінің нәтижесінде Гауфф биыл 30,4 млн АҚШ доллары (9,4 млн доллар түрлі турнирдегі сыйақы 21 млн доллар демеушілер бөлген қаражат) көлемінде олжаға кенелді. Екінші орында – Ига Швентек. Екі жылдан аса уақыт ешкімге дес бермей, әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастаған 23 жастағы Польшаның өкілі биылғы маусымды екінші орынмен қорытындылады. Жазда ол Ролан Гарростың жеңімпазы атанды. Басқа да ірі додаларда тәуір нәтиже көрсетті. Швентектің табысы – 21,4 млн доллар. (8,4 млн доллар сыйақы 13 млн доллар демеушілер). Үздік үштікті Чжэн Циньвэнь түйіндеп тұр. WTA тізімінде бесінші сатыға жайғасқан 22 жастағы қытай қызының табысы осы маусымда 20,6 млн долларға көбейді (5,6 млн доллар сыйақы 15 млн доллар демеушілер). Жыл басында Чжэн Мельбурндегі жарыстың финалында ойнады. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарында беларусьтік Арина Соболенко – 17,7 млн доллар (9,7 млн доллар сыйақы 8 млн доллар демеушілер) мен жапониялық Наоми Осака – 15,9 млн доллар (870 мың доллар сыйақы 15 млн доллар демеушілер) сынды бұрымдылар бар.
Елена Рыбакина бақуаттылардың рейтингінде 14-орынға тұрақтады. 2024 жылы еліміздің бірінші, әлемнің алтыншы ракеткасының есепшотына 7,9 млн доллар аударылды. Оның 3,9 млн доллар жарыстарға қатысқаны үшін берілген сыйақы болса, 4 млн доллар – демеушілерден түскен қаражат.