РФММ оқушыларының жаппай ауруханаға түсуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды
Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскеннен кейін қылмыстық іс қозғалды.
Астана, NEGE. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бұл факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Тергеу шаралары, соның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру қорытындысы негізінде оқиғаның мән-жайы анықталып, процессуалдық шешім қабылданады», – делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы ішек инфекция белгілерімен ауруханаға түскеннен кейін оқу орнының тамақтану блогына тексеру жүргізіліп, санитариялық талаптар бұзылғаны анықталды.
Сондай-ақ, инфекция көзін анықтау үшін су мен азық-түлік өнімдерінен сынамалар алынып, тамақтану блогының қызметкерлері де тексерілді. Зертханалық зерттеулер жалғасып жатыр.
Тексеру нәтижелері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілген. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.