Режеп Тайип Ердоған «Қожа Ахмет Ясауи» орденінің тұңғыш иегері атанды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Ақорда.
Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев марапатты тапсыру сәтінде мұның символдық мәні өте зор екенін, бұл марапат – Қожа Ахмет Ясауи салған рухани бауырластық пен тарихи әділдік жолының жарқын үлгісі екенін атап өтті.
«Қадірлі Президент мырза, Сіздің қазақ еліндегі беделіңіз өте жоғары. Халқымыз сізді сыйлайды, жақсы көреді, қолдайды. Қадірлі досым, осы жоғары марапатты сіздің түркі әлеміндегі көшбасшылық рөліңізге берілген лайықты баға деп қабылдаңыз. Сондай-ақ еліміздің сізге және түрік жұртына деген шынайы құрметі, зор ризашылығы деп біліңіз. Өзіңізге зор денсаулық, ал барша түрік халқына амандық пен бақ-береке тілеймін! Қазақ-түрік достығы мәңгі болсын!» – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл марапат Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табысталатынын айтты.
«Бұл – шын мәнінде, беделі биік, бағасы жоғары марапат. Біз бұл орденді әзірлеген кезде ашық жасыл түске басымдық бердік. Асыл дінімізде осы түстің орны ерекше. Ал оның құрамындағы күміс – тазалықтың нышаны. Бір сөзбен, бұл – Әзірет Сұлтанның ұлағаты мен тағылымын дәріптейтін марапат», – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденді алғаш болып өзіне табыстағаны үшін алғысын білдірді.
«Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын», – деді Ердоған.
Сондай-ақ Түркия Президенті «Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын!» деген тілегін жеткізді.