24 октября 2024 г. 15:00

Республика күні: 13 жылдан соң қайта қауышқан мереке

Фото: ғаламтордан

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін бірқатар атаулы күндер белгіленді.

 Ал 2001-2009 жылдары 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мереке ретінде кең көлемде аталып өтіліп келді. Бірақ қайбір жылдары бұл мереке күнтізбеден алынып қалып, жадымыздан да ұмытыла бастаған.

Осыдан екі жыл бұрын президент Қ.Тоқаев ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгерістер енгізіп, Республика күнін ұлттық мереке санатына қайта енгізді. Мемлекет басшысы бұл ойын Ұлытау төріндегі ұлттық құрылтайда: «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», – деп атап өткені есте. Өзгеріс пен толықтыру енгізілген құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні-16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.

ғаламтордан

Бұған дейін қоғамда бұл сауал онсыз да жиі қойылатын. Әсіресе, тарих парақтарын зерделеген қауым Тәуелсіздік күнін 16-шы желтоқсанда атап өтуді құптамайтын.

Себебі, сонау 1986 жылы осы күндері Алматыда басталып, еліміздің басқа өңірлерінде жалғасқан Желтоқсан көтерілісін бүгінде жұрт қаралы күн ретінде еске алады. Бодандық бұғауынан босап шығып, егемендікті талап етіп қана қоймай, сол жолда өмірін құрбан еткен қаншама жас қыршынынан қиылды да. Әлі күнге сол күндері көрген қиыншылығын ұмыта алмай, ауыр зардабын мойнымен көтеріп келе жатқандары көп. «Сондықтан 16 желтоқсан күні мереке тойлау емес, жалпыұлттық қаралы күн ретінде аталып өтуге тиіс» деген пікірдің жаны бар.

 Әрине, осы күнге дейін кеудеге патриоттық рухтың дәнін сеуіп келген Тәуелсіздік күні де мереке болып қала береді. Мемлекет басшысы айтқандай, «Бұл күн тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек».

Сонау 1990 жылы қабылданған «Егемендік туралы декларация» саяси тұрғыда қоғамды дүр сілкінткен жаңалық болды. Мұның өзі әр қазақтың жүрегіне «Енді біз өз бетінше тәуелсіз ел боламыз» деген жылымық сезім ұялатты. Себебі, егемендік декларация мен Тәуелсіздік декларациясы арасындағы көзге көрінбейтін маңызды сабақтастық бар. Ол – «егемендіксіз тәуелсіздікке де қол жеткізбес едік» деген логикалық пайым.

Сонымен, биыл еліміздің мемлекет болып қалыптасу жолындағы тарихи әрі батыл қадамы жасалған 25 қазан – Республика күнін ұлттық мереке ретінде үшінші жыл қатарынан атап өтпекпіз. Ал енді «Ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекенің айырмашылығы неде?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Бұл туралы ел тарихынан хабардар кез келген азаматтың жауабы біреу:

 «Еліміздің тәуелсіздігі – осы күннен бастау алады. Сондықтан бұл – ұлық мереке деп қабылдануы тиіс». Және заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, Республика күні – еліміздегі жалғыз ұлттық мейрам. Демек, ұлттық мереке ретінде қайта жаңғыртып, республика деңгейінде кең көлемде атап өту тарихи шешімнің маңыздылығын да арттыра түспек.

Дүйім ел болып жаңаша көзқараста, соны бағытта тойланатын бұл мереке халқымыздың рухын биіктетіп, елдігін нығайтуға үлес қосса, бәрімізге тиесілі ортақ істің ойдағыдай жүзеге асқаны. Ал ендігі кезекте ұлттық мереке қалай тойлануы керек?

Кей мемлекет тәуелсіз ел атануға біртабан жақындатқан тарихи шешім қабылданған күнді ерекше сән-салтанатпен атап өтеді.

Айталық, 1776 жылы тәуелсіздік декларациясын бекіткен АҚШ Республика күнін 4 шілдеде тойлап, түрлі іс-шара ұйымдастырады. Ұлттық мейрамды отбасымен бірге асыға күтетін олар елдіктің белгісін өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие тұрғысынан сіңіруге тырысады. Ал Қытай халық республикасында мемлекеттік мерекені атап өту бір аптаға созылса, Түркия мемлекеті бұған жан-жақты дайындалып, елдің Ата заңына өзгеріс жасап, «Түркия республикасы» деп жариялаған тұңғыш президент Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етуден бастайды.

 Әр үйде, білім ошақтарында, емхана мен сауда орындарында мемлекеттік ту ілінеді. Бұл – таңсық емес, керісінше қалыпты жағдай. «Отанды сүю – отбасынан басталады» және «Рәмізге құрмет – баршаға міндет» екенін паш еткендей. Бұл олардың кез келген саласында көрініс тапқан.

ғаламтордан

Мұны неге айтып отырмыз? Біз де Республика күнінің ұлттық мереке ретіндегі мәртебесін арттыру үшін жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбиені сіңіріп қана қоймай, айтулы күннің маңызын терең түсіндіру қажет. Тіпті, Республика күнін ұлт идеясы төңірегінде топтасатын идеологиялық тірек деп қабылдаса, артық емес.

Республика күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік шаралар өтеді. Соның ішінде ұлттық мерекеге Астана мен Алматы әкімдігі қызу дайындалды. Атап айтқанда, Алматыда концерттер, спектакльдер, көрмелер, халықаралық фестиваль, қайырымдылық қойылымдары және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған иппотерапия шарасы25 қазан ұйымдастырылады. Ертең сағат 11:00-де «Медеу» БСК-да мемлекеттік туды көтеру және Қазақстан әнұранын жаппай орындау салтанатты рәсімі өтсе, кешкісін «Көктөбе» телемұнарасында мерекелік сәулеттік жарықтандыру қосылады. Ал ұлық мерекені Абай алаңы мен Республика сарайы алдында болатын дрондар шоуы түйіндейді. Айтулы күнге 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шараларды жоспарлаған Астана қаласы мерекелік отшашуды тарту етеді.