Ресейлік шоумен Қазақстан туралы өз атынан тараған мәлімдемеге қатысы жоғын айтты
Тарзан лақап атымен танымал ресейлік шоумен Сергей Глушко Қазақстанға қатысты өз атынан тараған мәлімдемеге қатысы болмағанын айтып, оны жоққа шығарды. Ол әлеуметтік желіде жарияланған видеодағы арандатушылық сөздерді айтпағанын жеткізіп, қазақстандықтарға үндеу жасады.
Астана, NEGE. Бұған дейін әлеуметтік желіде Глушконың Қазақстанға қатысты пікір білдірген видеосы тараған еді. Онда шоумен Қазақстанның ресейліктерге елге кіруді ақылы етуін олардың арзан жанармай сатып алуымен байланыстырады. Сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға қатысты шара қолдануы керектігін меңзейтін сөздер айтылады.
Сергей Глушко Instagram парақшасында бұл мәлімдемелердің өзі айтпағанын, ал видеоның жасанды интеллект көмегімен жасалғанын мәлімдеді.
«Бізді көршіміз Қазақстанмен араздастырғысы келетіндер жасанды интеллект көмегімен арқылы менің атымнан арандатушылық сөздер айтқызған. Қазақстандықтарға мұндай сөздерді ешқашан айтпағанымды жеткізгім келеді. Видео менің Instagram парақшамдағы 2021 жылғы 15 тамыздағы жазбадан алынған. Ол жерде мен өзімнің көркемсурет саласындағы білімім туралы айтып отырмын. Сақ әрі мұқият болыңыздар! Маған жағымсыз сөздер жазғандарды кешіремін, алдағы уақытта ақпаратты мұқият тексеріңіздер. Баршаңызға жақсылық тілеймін», – деді Глушко.
Айта кетейік, бұған дейін осыған ұқсас видео ресейлік әнші әрі актер Николай Расторгуевтің атынан да тараған еді. Онда да Қазақстанға қатысты арандатушылық сипаттағы пікірлер айтылғандай етіп көрсетілген.
Глушко қазақстандықтарды мұндай контентке сақтықпен қарап, әлеуметтік желіде тараған ақпаратты мұқият тексеруге шақырды.