ДДСҰ Иркутскідегі жағдайға қатысты қауіп деңгейін бағалады

Иркутскідегі зертхана қызметкерінің өлімінен кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресейдегі оба қаупіне баға берді.

freepik.com

Астана, NEGE. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Иркутскідегі жағдайға байланысты қауіп деңгейін орташа-төмен деп бағалап отыр. Ал Ресей аумағында қауіп төмен, Еуропа өңірінде өте төмен деңгейде деп көрсетілген.

ДДСҰ-ның Женевадағы өкілі Кристиан Линдмайердің айтуынша, ұйым Ресейдің денсаулық сақтау органдарымен байланысып, қосымша мәлімет сұратқан. Қазір зертхана қорытындылары мен қайтыс болған қызметкермен байланыста болған адамдардың жағдайы нақтыланып жатыр.

«Қазір біз үшін ең маңыздысы – жағдайды мұқият бақылап, қолда бар деректерге сүйене отырып, қауіп деңгейін қайта бағалап отыру. Жаңа ақпарат түссе, бағалау да өзгеруі мүмкін. Біз Ресей билігімен байланыстамыз және қажет болған жағдайда тактикалық және техникалық көмек көрсетуге дайынбыз. Басқа елдерді де хабардар етіп отырамыз», – деді Линдмайер.

Марқұммен байланыста болған адамдар анықталып, дәрігерлердің бақылауына алынды. ДДСҰ мәліметінше, әзірге олардың ешқайсысынан ауру белгілері байқалмаған. Ал алғашқы зертханалық тексеру теріс нәтиже көрсеткен.

Ресей тарапы ДДСҰ-ға қызметкердің пневмониядан қайтыс болғанын хабарлаған. 

2 қазанда Шелехов аудандық ауруханасында Иркутскідегі обаға қарсы күрес институтының 28 жастағы қызметкері Дарья Шипилова қайтыс болған еді. Кейін БАҚ-та оның зертханада өкпе обасының қоздырғышы бар сынауық сынғаннан кейін жұқтырғаны туралы ақпарат тарады. Ресей билігі бұл нұсқаны растаған жоқ.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі де жағдайды бақылап отырғанын және алдын алу шаралары қолға алынғанын хабарлады.