Ресейдегі қауіпті инфекция Қазақстанға таралуы мүмкін бе: ДСМ жауап берді

Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысындағы аса қауіпті инфекцияға күдік келтірілген жағдай туралы хабарламадан кейін Қазақстанда қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.

magnific.com

Астана, NEGE. Министрлік өкілдері Қазақстандағы жағдай тұрақты бақылауда екенін, алдын алу сипатындағы қажетті шаралар қабылданғанын хабарлады.

Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау кезінде көліктің барлық түрінде дене қызуы жоғарылаған, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталмаған.

«Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде қалып отыр. Жағдайға баға беру және қабылданып жатқан шаралар ресми ақпараттың түсуіне қарай нақтыланатын болады», – дейді ведомство өкілдері.

Денсаулық сақтау министрлігі Ресейге сапардан кейін ауру белгілері пайда болған жағдайда медициналық көмекке уақытылы жүгініп, дәрігерге болған жеріңіз бен сапар күндеріңіз туралы хабарлау қажет екенін ескертті.

Сондай-ақ ресейлік мамандар қазіргі уақытта эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ қорытынды диагноз әзірге ресми түрде расталмағанын айтуда.

«Медициналық бақылауда 197 байланыста болған адам бар. Қолда бар мәліметтер бойынша, олардан ауру белгілері анықталған жоқ, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс. Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде», – делінген хабарламада.

Жексенбі, 4 қазанда Роспотребнадзордың баспасөз қызметі Иркутск облысында, Иркутск қаласында және Шелеховта санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін және оба ауруының жағдайлары анықталмағанын хабарлады. Ал Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің қайтыс болу себебі этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде сипатталуда.