Ресейдегі дрон шабуылынан кейін Атырау – Самара құбыры арқылы мұнай тасымалы қайта жанданды

Атырау-Самара магистральдық құбыры арқылы мұнай қайта тасымалдана бастады.

kaztransoil.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева хабарлады. Оның мәлімдеуінше, техникалық тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнай айдау қайта қалпына келтірілген.

«Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жағдай Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында», – деді ведомствоның ресми өкілі.

Еске сала кетейік, 2 қараша күні таңертең Ресей Федерациясының аумағындағы Самара торабы нысандарына ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуыл жасауына байланысты мұнай қабылдау уақытша тоқтатылған болатын.