Ресейде кәмелетке толған азаматтарға әке-шешесін ата-ана құқығынан айыруға рұқсат етілмек

Ресейдің Конституциялық соты ата-анасы жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыс жасаған жағдайда, кәмелетке толған баласы оларды сот арқылы ата-ана құқығынан айыруды талап ете алатыны туралы шешім қабылдады.

soc52.ru

Астана, NEGE. РБК ақпаратынша, мұндай шешім қабылдауға Өзбекстан азаматының шағымы негіз болған. 

Шағымданушы 2023 жылы Ярославльде өзіне және әпкесіне қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін 14,5 жылға бас бостандығынан айырылған әкесін ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз берген.

Бұған дейін анасының талап-арызы негізінде сотталған ер адам кәмелетке толмаған үш кіші баласына қатысты ата-ана құқығынан айырылған болатын. Алайда талапкер өтініш берген кезде кәмелетке толғандықтан, сот Ресейдің Отбасы кодексінің ережелеріне сүйеніп, оның талап арызын қабылдаудан бас тартқан.

Конституциялық сот мұны негізсіз деп танып, Отбасы кодексі мұндай талап-арыздарды қарауға тыйым салмайтынын атап өтті.

Әйелдің ісі қайта қарауға жіберілді. Сонымен қатар сот федералдық заң шығарушы органға осындай жағдайларда ата-ана мен кәмелетке толған бала арасындағы құқықтық байланысты тоқтатудың арнайы тетігін әзірлеуді міндеттеді.