Ресейде әскери ұшақ құлады: қаза болғандар бар
Ресейдің Кемерово облысында Ан-12 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 19 адамның бәрі қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға техникалық ақау себеп болуы мүмкін.
Астана, NEGE. Қайғылы оқиға 17 қараша күні Кемерово облысындағы Ягуново ауылының маңында болған. Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ан-12 әскери-көлік ұшағы жоспарлы ұшу тапсырмасын орындау кезінде апатқа ұшыраған. Ұшақ адам тұрмайтын аумаққа құлады.
«Ұшақ бортында экипаж мүшелерін қосқанда 19 адам болған. Олардың барлығы қаза тапты», – деп мәлімдеді Ресей Қорғаныс министрлігі.
Апат болған аумақта жедел штаб құрылып, құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері жұмылдырылды. Сонымен қатар, Кемерово облысының губернаторы Илья Середюк те оқиға орнына барған.
Ресей Қорғаныс министрлігінің алдын ала болжамына сәйкес, әскери ұшақтың құлауына техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Алайда апаттың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Түпкілікті қорытынды тергеу мен техникалық сараптама аяқталғаннан кейін белгілі болмақ.