17 мая 2025 г. 15:12

Ресей Украинаға бес шарт қойды

Фото: ғаламтордан

Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен келіссөздер барысында Ресей тарапы Украинаға қатысты негізгі бес талабын жариялады. Бұл туралы Ресей делегациясының мүшесі Владимир Мединский мәлім етті, деп хабарлайды Clash Report.

Алматы, NEGE. Мәскеудің ұсыныстары мынадай негізгі шарттардан тұрады:

1.Бейтарап мәртебе. Украина Австрия үлгісіндегі бейтараптық ұстануы тиіс. Бұл өз аумағында шетелдік әскерлер мен жаппай қырып-жою қаруын орналастырудан бас тартуды білдіреді.

2.Репарациядан бас тарту. Екі тарап жанжал салдарынан келген шығындарды өтеу бойынша бір-біріне талап қоймауға міндеттеледі.

3.Орыс тілді халықтың құқығын қорғау. Украина ұлттық азшылық құқықтарын қорғаудың еуропалық стандарттарын қабылдауы және Мәскеу «ұлтшылдық насихаты» деп бағалайтын әрекеттерді тоқтатуы тиіс.

4. Территорияны мойындау. Киев Ресей егемендігін мына бес аймақта мойындауы керек: Донецк, Луганск, Херсон, Запорожье және Қырым. Сонымен қатар, Мәскеу бұл өзгерістердің халықаралық деңгейде танылуын талап етеді.

5. Атысты тоқтату және әскерді шығару. Украина Ресей өзінің юрисдикциясы деп санайтын барлық аумақтардан әскерін толық шығаруы тиіс.

Келіссөз Ресей мен Украина арасындағы ұзаққа созылған қарулы қақтығыс аясында өтті.
Украина тарапы әзірге бұл талаптарға ресми жауап берген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан қақтығысты шешу жолын тараптар өзара анықтауы керек деп мәлімдеген болатын.