16 января 2026 г. 15:52

Ресей тарабы Соловьевтің «әскери операция бастау» туралы сөзіне пікір білдірді

Фото: Getty Images

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова журналист Владимир Соловьевтің «Орталық Азия мен Арменияға арнайы әскери операция жүргізу» жайлы айтқан сөзіне пікір білдірді.

Астана, NEGE. Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова сыртқы саясат мәселелеріне арналған брифингте Соловьевтің сөзі жеке көзқарас екенін, ол Мәскеудің ресми ұстанымын білдірмейтінін атап өтті.

«Мәселе журналистің жеке пікірі жайлы болып отыр, атап айтамын: пікір. Екіншіден, бұл пікір жеке арнада айтылды. Үшіншіден, контекстен жұлып алынған сөздерге де, жанама сөзге де сүйенбей, дәйексөзді оқып шықтым. Бұл пікір негізінен сұрақ түрінде құрылған: онда мәлімдеме болған жоқ, онда сұрақ болды, риторикалық немесе басқаша», – деді Захарова.

Оның айтуынша, Соловьевтің сөзін «диван сарапшылары» арандатушылық сипатта ұсынып, оны Ресейдің ресми ұстанымы ретінде көрсеткен.

«Ресми ұстанымды ресми тұлғалар білдіреді», – деп нақтылады Захарова.

Захарова Мәскеудің Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасқа қатысты ұстанымы бірнеше рет жоғары деңгейде талқыланғанын және оның серіктестік пен өзара құрмет қағидаттарына негізделетінін айтып, арандатушылыққа назар аудармау керек екенін атап өтті.

Айта кетейік, 10 қаңтар күні «Соловьёв. Live» бағдарламасының эфирінде Владимир Соловьев Орталық Азияны Ресейдің «ықпал аймағы» ретінде санап, «мұнда әскери операция бастау» туралы ойын айтқан.

«Біз үшін Арменияда болып жатқан жағдай Венесуэлада болып жатқан жағдайға қарағанда әлдеқайда ауыр. Егер ұлттық қауіпсіздігіміз үшін Украина аумағында арнайы әскери операция бастау қажет болды десек, онда неге дәл осы уәждерге сүйене отырып, ықпал аймағымыздың басқа да нүктелерінде әскери операциялар бастамасқа?» – деген еді ол.

Соловьевтің бұл сөзі қызу талқыланып, Орталық Азия елдерінде қоғам наразалығын тудырды.

Тегтер: