Ресей МӨЗ-іне жасалған шабуылдан қазақстандық зауыттың жұмысы тоқтауы мүмкін
Ресейде дрон шабуылынан кейін Батыс Қазақстан облысындағы «Конденсат» мұнай өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз етіп отырған «ТАНЕКО» зауыты мұнай өңдеуді толық тоқтатты.
Астана, NEGE. Reuters агенттігінің хабарлауынша, дрондар шабуылынан кейінгі тұтанған өрт салдарынан жылына шамамен 17 млн тонна мұнай өңдейтін «ТАНЕКО» кәсіпорнының жұмысы тоқтатылған.
Агенттік дерегінше, зауытта мұнайды бастапқы өңдеудің екі негізгі қондырғысы – тәулігіне 20 мың тоннаға дейін шикізат өңдейтін АВТ-6 және тәулігіне шамамен 23 мың тонна шикізат өңдейтін АВТ-7 қондырғылары істен шыққан.
«Татнефть» компаниялар тобына кіретін бұл кәсіпорын 2024 жылдан бастап Қазақстанның «Конденсат» зауытын нафтамен және газ конденсатымен қамтамасыз етіп келеді.
Әзірге салалық министрлік те, зауыт өкілдері де бұл жайтқа ресми мәлімдеме жасап, мән-жайды түсіндірген жоқ.