Ресей Қазақстаннан бензин жеткізу жөнінде келіссөз жүргізуде
Ресей ішкі нарықтағы тапшылықты азайту үшін Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін импорттау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Reuters агенттігі төрт дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Бұған Украина дрондарының шабуылынан кейін Ресейдің бірнеше ірі мұнай өңдеу зауыты жұмысының тоқтап қалуы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары себеп болған. Бұл бензин өндірісінің өткен жылмен салыстырғанда шамамен 25 пайызға азаюына әкелген.
Дереккөздердің пікірінше, Қазақстан Ресеймен салыстырғанда жанармайды әлдеқайда аз өндіретіндіктен, жеткізілетін көлем де көп бола қоймайды.
Бұл ретте бензин жеткізудің ықтимал көздерінің бірі ретінде Батыс Қазақстан облысындағы «Конденсат» зауыты аталған. Зауыт қазірдің өзінде ресейлік шикізатты өңдеумен айналысады.
Айта кетерлігі, 26 маусым мен 20 шілде аралығында Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстарының жүргізілуі қордың азаюына әсер етуі мүмкін.
Сондай-ақ Қазақстан бензинін ресейлік авиациялық отынға айырбастау нұсқасы да қарастырылған. Сала мамандары шілдеде Қазақстанда авиациялық отын тапшылығы туындауы мүмкін екенін айтады.
Ал бұған дейін Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов әзірге Ресейден бензин жеткізу туралы ресми өтініш түспегенін мәлімдеген еді.