Ресей Қазақстанға 1 млн рубльден артық қолма-қол ақша шығаруға тыйым салды

Ресейден Қазақстанға және ЕАЭО елдеріне қолма-қол рубль шығаруға қойылған шектеулер күшейтілді. Өзгеріске сәйкес, енді жеке тұлғалар Ресейден Қазақстанға 1 млн рубльден артық қолма-қол валюта шығара алмайды.

pixabay.com

Астана, NEGE. Жаңа талап Ресей президентінің бұған дейінгі жарлығына енгізілген өзгерістерде қарастырылған. Жаңа шектеу жеке тұлғаның азаматтығына қарамастан қолданылады.

Қазақстан Ұлттық банкінің 29 қыркүйектегі ресми бағамы бойынша 1 млн рубль шамамен 5,23 млн теңге болады.

Қазақстанмен қатар ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттерге, сондай-ақ Тәжікстан, Әзербайжан және Өзбекстанға шығарылатын қолма-қол валюта көлеміне шектеу қойылған.

Ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге Жарлықта көзделген жағдайларды ескермегенде, сомасына қарамастан қолма-қол рубль шығаруға тыйым салынған.

Жарлықта бірқатар ерекшелік те қарастырылған. Мәселен, валюта Ресей Үкіметі айқындайтын халықаралық әуежайлардағы әуе өткізу пункттері арқылы банк көшірмелері немесе өзге де растайтын құжаттар болған жағдайда валютаны шығаруға рұқсат етіледі. 

Тыйымды бұзған жағдайда жеке тұлғадан 1 млн рубльден асатын сома, ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерден шығарылатын қолма-қол валюта толық көлемде тәркіленеді.