7 февраля 2026 г. 17:26

Қазақстан сайттарының тағдыры: ЕАЭО елдері ортақ шешімге келмек

Фото: pixabay.com

Құжат онлайн-контентті заңсыз тарататын сайттарды бұғаттаудың бірыңғай тәртібін енгізуді көздейді.

Астана. NEGE. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер интернет кеңістігінде зияткерлік меншік объектілеріне қатысты құқықбұзушылықтарға қарсы күресте ортақ тәсілдер қалыптастыруға келісті. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, бұл нормалар алдағы айларда мақұлдануы мүмкін Келісім жобасында бекітіледі деп жоспарланып отыр.

Құжат цифрлық ортада фильмдер, музыка, кітаптар және авторлық құқықтың өзге де объектілерін заңсыз пайдалануға тосқауыл қоюға бағытталған. Атап айтқанда, контрафактілік контент орналастырылған сайттар мен онлайн-ресурстарға қолжетімділікті шектеу мәселелері бойынша ЕАЭО елдерінің үйлестірілген ұстанымдарын енгізу көзделген.

«Келісімнің басты мақсаты – құқық иелерінің мүдделерін қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру және ЕАЭО елдері арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай механизмдерін әзірлеу. Атап айтқанда, құқық бұзушылық орын алған ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің сот шешімі негізінде интернет-ресурстарды бұғаттау мүмкіндігін қарастыру жоспарланып отыр. Бұл ретте сайт иелері, ақпараттық делдалдар және цифрлық ортадағы өзге де қатысушылар мұндай контентке қолжетімділікті шектеу бойынша тиісті шаралар қабылдауға міндетті болады»,—делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, ЕАЭО елдерінде зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына байланысты қолжетімділігі шектелген интернет-ресурстардың ұлттық электрондық тізілімдерін құру ұсынылып отыр. Бұл тізілімдер бұғатталған ресурстарды есепке алу және уәкілетті органдар арасында ақпарат алмасу құралы ретінде пайдаланылмақ.