Ресей елшілігі Тараздағы ескерткішке жасалған вандализмді саяси экстремистік әрекет деп бағалады
Ресейдің Қазақстандағы елшілігі Тараз қаласындағы мемориалдық стелаға жасалған вандализм әрекетіне байланысты мәлімдеме жасады.
Астана, NEGE. Стела соғыс жылдары сол кездегі Жамбыл қаласындағы эвакуациялық госпитальдарда алған жарақаттарынан қайтыс болған Қызыл армияның 72 белгісіз жауынгері жерленген госпиталь қорымының орнына орнатылған.
Елшілік бұл жайтқа наразылық білдіріп, оны жай ғана бұзақылық емес, «екі елге ортақ батырлардың рухына құрметсіздік көрсетуге бағытталған саяси экстремистік әрекет» деп атады
«Бұл оқиға Қазақстан қоғамында алауыздық туғызып, Ресей мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарға нұқсан келтіруді көздейді», – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ Ресей елшілігі Қазақстан тарапынан бұл арандатушылыққа құқықтық, саяси және моральдық баға беріледі деп күтетінін жеткізді.
Елшілік қылмысқа қатысы бар азаматтар мен оны ұйымдастырушыларды қысқа мерзімде анықтап, Қазақстан заңнамасына сәйкес қатаң жазалауға шақырды.
Жамбыл облыстық полиция департаменті ескерткішті қорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта құқық бұзушыларды анықтап, ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Полиция қызметі құқық бұзушылар заң талаптарына сәйкес қатаң жазаланатынын атап өтті.