Ресей депутаты мигранттарды отбасымен бірге депортациялауды ұсынды

​Ресейдегі «Әділетті Ресей» партиясының төрағасы, Мемлекеттік Думадағы партия фракциясының жетекшісі Сергей Миронов мигрант қылмыс жасаған жағдайда оның туыстарын да елден шығаруды ұсынды. Сондай-ақ ол Орталық Азия елдерімен визалық режим енгізу идеясын қолдайтынын айтты.

spravedlivo.ru

Астана, NEGE. Мироновтың пікірінше, шетелдік жұмысшылар Ресейге отбасымен емес, белгілі бір жұмысты орындау үшін ғана келуі керек. Ол Беларусь тәжірибесін мысалға келтіріп, жұмыс беруші алдымен бұл жұмысты жергілікті азаматтың атқара алмайтынын дәлелдеуге тиіс екенін айтты.

«Жұмысшылар келеді, белгіленген жұмысты орындайды, ақшасын алып, еліне қайтады. Ешқандай отбасы болмауы керек», – деді ол.

Мироновтың айтуынша, мигрант қылмыс жасаса, заң алдында өзі жауап беруі керек, ал оның отбасы мен жақын туыстары Ресейден депортациялануға тиіс. Бұл бастама «Әділетті Ресей» партиясының көші-қон саясатын қатаңдатуға бағытталған ұсыныстарының бірі ретінде айтылды.

Партия мигранттардың бірқатар салаларда жұмыс істеуіне федералдық деңгейде шектеу енгізуді де ұсынып отыр. Мироновтың айтуынша, мұндай тыйымдар Ресейдің бірқатар өңірінде қабылданған. Енді бірыңғай талапты бүкіл ел аумағында енгізу қажет.

Сонымен қатар депутат Орталық Азия мемлекеттерімен жасалған визасыз қатынас туралы келісімдерді қайта қарау қажет деп есептейді. Қазіргі таңда бұл – Миронов пен оның партиясы ұсынған бастамалар ғана, ал осыған ұқсас пікірлер Ресейде алдыңғы жылдары да пікірлер айтылған еді.