8 февраля 2022 г. 12:56

Ресейдің Қазақстандағы елшісі: Бұдан былай «Дала қыраны» қазақ жерінде ұшпайтын болады

Фото:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге ресми сапары алдында Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин «НГ» басылымына сұқбат берді. Онда еліміздегі қаңтар оқиғасындағы ахуалға, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа егжей-тегжейлі тоқталған. Тоқетеріне келсек, Алексей Бородавкин – аузына не келсе, соны лақ еткізетін кейбір ресейлік депутаттардай емес, түйгені мол кәнігі дипломат. Екі елдің әріптестігі мен қайшы тұстарын дәл әрі нақты суреттеп көрсеткен.

Өткен кеткенді айта келе, Ресей елшісі қазақстандықтар әлі естімеген жаңалықтардың шетін шығарды. Бұл, әсіресе, әскери одақтастық мәселесіне қатысты. Оның пікірінше, Қазақстан одақтас ретінде өз міндеттерін мүлтіксіз орындап отыр.

«Осы салада міндеттемелерін берік ұстанып, Қазақстан америкалық және британдық әуе күштерінің ауған маршруты бойынша өз аумағынан ұшып өтуіне келісім бермеді. Қазақстан өз аспанында бұл елдердің мұздай қаруланған әскери ұшағы пайда болса, онда Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де қауіпсіздігіне қатер төнетінін түсінді. Өйткені, бұл ұшақтардың люкінде «ауа-жер» қанатты зымырандары да болуы мүмкін еді», - дейді Алексей Бородавкин.

Бородавкин және Тоқаев. akorda.kz

Оның пікірінше, Тоқаев президент болғалы елімізде АҚШ және басқа да НАТО елдерінің әскерилері қатысатын, жыл сайын өтіп келген «Дала Қыраны» бітімгерлік оқу-жаттығуы өтпейтін болған.

«Қазір біз Вашингтон мен Солтүстік атлантикалық альянс Ресейге қатысты бейбітсүйгіштіктен мүлде аулы алыс саясат ұстанғанына куә болып отырмыз. Менің білуімше, бұдан былай «Дала қыраны» Қазақстанда ұшпайтын болады», - деді елші.  

Алексей Бородавкин келтірген мәлімет бойынша, Қазақстан қару-жарақты толықтай Ресейден алуға көшкен. Өйткені, «екі жақты немесе ҰҚШҰ аясында бірлескен әрекет еткен жағдайда, қару мен әскери техниканың толық үйлесімдігі қажет» көрінеді.

Елші ҰҚШҰ құрамындағы ресейлік қарулы күштердің келгенін тілге тиек ете келе:

«Қаңтар оқиғасы біздің қарулы күштерімізге, құқық қорғау органдарымыз бен арнайы қызметтерімізге бұдан әрі де тығыз серіктестік пен үйлесім қажет екенін дәлелдеп берді», - деп түйіндейді.  

Тегтер: