«Ресейден келгендерге жеке жағдай жасалмайды» – Вице-министр
Елге келген ресейліктердің орналасуы мен жұмысқа тұру мәселесін министрлік жеке бақылауына алмайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев мәлімдеді.
– Ресейден келген азаматтарға ешқандай жеке жағдай жасалмайды. Ол – белгілі. Елімізге көрші мемлекеттен 353 000 адам, оның ішінде 7 000-ы жұмыс бабымен келген. Бірақ бұл тек қыркүйек айында емес, әр түрлі уақытта келген мигрант саны,– деді ол ОКҚ алаңында.
Вице-министрдің сөзінше, келушілер арасында Қазақстанда қалып, жұмыс істеуге ниетті адамдардың саны аз болғандықтан, бұл көрсеткіш біздегі еңбек нарығына әсер етпейді.
Жақында ғана Премьер-Министр Әлихан Смайылов «елге келген ресейліктерге жәрдем көрсетіп, еңбекпен қамту мәселелерін қарастыру қажеттігін» айтып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға тапсырма берген болатын. Смайыловтың бұл сөзі қоғам тарапынан үлкен сынға ұшырады. Кейін ол өз сөзіне түсініктеме беріп, көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама аясында ғана еңбек ете алатынын мәлімдеді.
Ал Тамара Дүйсенова журналистерге арналған брифингте еліміздегі кәсіпорындар Қазақстан азаматтарын мигранттар үшін жұмыстан босатса, ол жерге еңбек инспекторларын тексеруге жіберетінін жеткізді.