Ресей көші-қон саясатын жеңілдетеді
Ресей президенті Владимир Путин шетел азаматтарына елде уақытша тұруға рұқсат қағазын алып тастауды ұсынды. Енді шетел азаматы Ресейде тұруға ықтиярхаттан соң азаматтық ала алады.
Алматы, NEGE. Қазір Ресей азаматтығын алғысы келетіндер әуелі елде уақытша тұруға өтініш тастап, үш жылдан кейін ғана елде тұруға ықтиярхатқа ие болады. Содан кейін ғана ол азаматтыққа өтініш беруге құқылы. Ресей үкіметінің 6 наурыздағы жиналысында Путин елдің көші-қон саясатын алдағы алты жылда реформалауды тапсырды. Ол елде уақытша тұруға рұқсат алу процедурасын алып тастауды ұсынды.
30 жастағы тәжік мигранты Даврон Хожибоев 10 жылдан бері Мәскеуде таксиші болып істейді. Ол Ресей азаматтығын алу жеңілдейтінін естіп, қуанып қалды. "Ресей азаматтығын алу қиын. Он жылдан бері миграция зардабын тартып келемін. Азаматтық алсам, отбасымды осында көшіріп аламын. Тағы қанша уақыт бөлек тұруымыз керек?" - деді ол. Сарапшылар Ресей билігі елдегі демографиялық ақуалдың нашарлығын ескеріп, көші-қон саясатын өзгертуге мәжбүр болды деп есептейді.