18 августа 2025 г. 15:56

Шерзат ісі: Равиль Сакиевтің анасы журналистерден кешірім сұрады (видео)

Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыпталған 8 сотталушыға қатысты апелляциялық сот Қонаев қаласындағы Алматы облыстық сотында өтіп жатыр. Тілшіміз сот залынан хабар таратып отыр.

Сот отырысы сотталушылардың қатысуынсыз өтіп жатыр. Сонымен қатар бүгін куәгер ретінде танылған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты іс те қаралады. 

Сотталушы Равиль Сакиевтің анасы Баян Сарманова өзінің эмоцияға беріліп, балағат сөздер айтқаны үшін журналистерден кешірім сұрады.

Естеріңізде болса, 5 маусымда сот Равиль Сакиевті бұзақылық және кісі өлтіруге оқталғаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескеннен кейін, анасы Баян Сарманова жанжал шығарған болатын. Ол қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін айыппұл да төледі.

«5 маусымда үкім шыққан күні эмоцияға беріліп, журналистерге балағат сөздер айтқаным үшін кешірім сұраймын. Сіздердің бұл жерде ешқандай кінәларыңыз жоқ. Мен эмоцияға берілдім», – деді сотталушы Равиль Сакиевтің анасы Баян Сарманова.

Ол баласының қасақана адам өлтірді деген айыппен сотталғанына келіспейтінін айтты.  

«Менің балам қасақана адам өлтірді деп айыпталып отыр. Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Мен бұл айыппен келіспеймін, балам да мойындамайды. Барлығы бейнетаспадан анық көрініп тұр. Баламның айыбы анықталмағанын, дәлелденбегенін прокуратураның өзі жазды. Енді оған өздері қарсы шығып жатыр. Мен баламның «Бұзақылық» бабымен айыпталуына келісемін. Балам сол жерге барды. Білмей барды. Мен балалардан сұрадым, олар оның сол жерге білмей барғанын растады. Мен сол себепті апелляциялық шағым түсірдім», – дейді Б.Сарманова.