17 ноября 2025 г. 16:38

RAMS компаниясы Алматыда ең биік ғимаратты салмайтын болды

Фото: ramsqz.com

RAMS Qazaqstan компаниясы Beyond Almaty жобасынан шыққанын хабарлады. Бұл жобада компания бас мердігер ретінде жұмыс істеген. 

RAMS компаниясы ресми мәлімдемесінде жобадан 2025 жылдың қыркүйегінде кеткенін нақтылады.

«RAMS QAZAQSTAN компаниясы 2025 жылғы қыркүйектен бастап жұртшылыққа және бұқаралық ақпарат құралдарына Бас мердігер ретінде BEYOND ALMATY жобасын іске асыру бойынша қатысушылар құрамынан шығу туралы шешім қабылдағаны туралы хабарлайды. Компания жоғары сапа стандартын және орнықты даму қағидаттарын ұстануды сақтай отырып, девелопмент саласындағы басқа да маңызды бастамаларды іске асыруды жалғастырады», – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ RAMS Beyond Almaty жобасына қатысты сұрақтарға жер телімінің иесі, әрі тапсырыс берушісі «BR Construction Qazaqstan» компаниясы жауап беретінін мәлімдеді.

Алматы қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметіне сәйкес, тапсырыс берушіге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 316-бабының 1-бөлігі (жобалық-сметалық құжаттамасыз немесе сараптамадан өтпеген құжаттамамен құрылыс жүргізу) және 321-бабы (техникалық және/немесе авторлық қадағалаусыз құрылыс жүргізу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Басқарманың баспасөз қызметі тілшімізге берген жауабында тапсырыс берушіге анықталған заңбұзушылықтарды жою және құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы нұсқама берілгенін хабарлады. Сонымен қатар, «BR Construction Qazaqstan» ЖШС-не нұсқаманың орындалуы жөніндегі ақпаратты ұсыну туралы хабарлама жолданған. Ал нысанда құрылыс жұмыстары жалғасып-жалғаспайтыны туралы сұраққа басқарма нақты жауап берген жоқ.

Алматы тұрғындары бұған дейін Сейфуллин мен Тимирязев көшелерінің қиылысында салынуы жоспарланған 40 қабатты «Beyond Almaty» тұрғын кешенінің құрылысына қарсы петиция жариялаған. Тұрғындардың айтуынша, аталған аудан қазірдің өзінде көлік пен инженерлік инфрақұрылымның шамадан тыс жүктемесіне, автотұрақ орындарының тапшылығына және жасыл аймақтардың аздығына байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Сонымен қатар олар құрылыстың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірген-ді. 

Белсенділердің мәлімдеуінше, жоспарланған ғимарат Алматыда бұған дейін биіктікке қатысты енгізілген шектеу талабын бұзады. Сонымен қатар, мұндай жағдайға жол беру үшін нысанның қоғамдық маңызы болуы тиіс, алайда тұрғындар бұл кешеннің мұндай критерийге сәйкес келмейтінін алға тартады.

Міне, содан бері қаланың ең тығыз аудандарының бірінде зәулім кешеннің салынуы қоғамның қызу талқылауына ұшырады.

Мәжіліс депутаттары RAMS Beyond Almaty жобасының аясында жоспарланған 40 қабатты ғимараттың құрылысын тоқтатып, оның орнына сквер немесе әлеуметтік нысан салуды талап еткен.

Депутаттық сауалға жауап берген Алматы әкімі Дархан Сатыбалды бұл учаскеде сквер немесе әлеуметтік нысан салу жоспарланбағанын атап өтті. Оның айтуынша, «жер телімі жекенің меншігінде және тапсырыс беруші 40 қабатты тұрғын үй кешенін жобалау үшін архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын және эскиздік жобаны алған».

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 4 мамырында «RAMS Beyond Almaty» жобасының ресми таныстырылымы өткен болатын. Ауқымды баспасөз конференциясы түрінде ұйымдастырылған шараға әлемге танымал түрік актері Бурак Озчивит өзі арнайы келіп, жобаға ресми бренд-амбасадор ретінде қатысқан.