Рақымшылық аясында жалпы сомасы 22 млрд теңгеден асатын айыппұлдар кешірілді
Ішкі істер органдарының бағыты бойынша амнистия шамамен 590 мың азаматқа қатысты қолданылды. Бұл жөнінде Әкімшілік полиция комитеті төрағасы Мұрат Қабденов мәлімдеді.
Астана, NEGE. ІІМ өкілі тәуелсіз Қазақстан тарихында әкімшілік рақымшылық алғаш рет қолданылғанын атап өтті.
«Соның аясында заңда көрсетілген баптар бойынша азаматтар әкімшілік айыппұл төлеуден босатылды. Нәтижесінде оларға қатысты 1,3 миллионнан астам әкімшілік жаза өндіріп алу туралы қаулының күші жойылып, жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден асатын айыппұлдар есептен шығарылды», – деді Әкімшілік полиция комитетінің басшысы.
Сондай-ақ ол рақымшылық бір реттік ізгілік шарасы екенін, алайда болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайтынын ескертіп өтті.
«Егер азамат қайтадан құқық бұзса, ол заң талаптарына сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды заң талаптарын сақтауға, өзгелердің құқықтарын құрметтеуге шақырады», – деді Қабденов.
Еске салсақ, 1 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына орай жарияланған рақымшылық туралы заңға қол қойды.