Qarmet-тің жаңа нысандары нақты келбетке ие бола бастады

Qarmet өндірістік алаңдарында стратегиялық маңызы жоғары нысандардың құрылысы қарқынды жалғасып отыр. Бұл жобалар алдағы өндірістік өсімнің, өнім түрлерін кеңейтудің және компанияның ауқымды технологиялық жаңғыруының негізіне айналмақ. Қазіргі таңда жаңа өндірістік қуаттар бетон іргетастардан бастап орнатылған металл құрылымдар мен технологиялық жабдықтарға дейін нақты пішінге еніп келеді.

Gov

Астана, NEGE. Негізгі жобалардың бірі – жаңа сұрыпты илемдеу станының құрылысы. Жобаны CERI компаниясы жүзеге асыруда: инжиниринг, жабдық жеткізу, монтаж жұмыстарына бақылау жасау және құрылыс-монтаж жұмыстарының толық кешені соның еншісінде.

Бүгінде құрылыс алаңына 1,5 мың тоннадан астам арматура және 1,5 мың тоннадан астам металл конструкциялар жеткізілді. Кешен құрамында 11 көпірлі кран қарастырылған. Құрылыс барлық бағытта қатар жүргізілуде: мамандар ғимараттар мен технологиялық жабдықтардың іргетастарын бетондап, темірбетон қаңқаларын тұрғызып, металл құрылымдар мен кран жабдықтарын орнатып келеді.

Gov

Нысан белсенді іске асыру кезеңінде. Жаңа сұрыпты илемдеу станы іске қосылғаннан кейін Qarmet жылына қосымша 540 мың тоннадан астам металл өнімін өндіре алады. Кәсіпорын А600 және А1000 маркалы жоғары берікті арматура шығаруды, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие жаңа өнім түрлерін, оның ішінде бұрыштық болат пен швеллер өндірісін игереді.

Ірі құрылыс жұмыстары №8–9 жаңа кокс батареялары алаңында да жалғасуда. Қазіргі уақытта көмір мұнарасы корпусының 5,3 метр деңгейіндегі құрылысы жүргізіліп, №9 кокс батареясының жоғарғы іргетас плитасы арматуралануда. Сонымен қатар мамандар топырақ қазу жұмыстарын жүргізіп, көлденең газ жүретін арналардың түтін өткізгіштерін арматуралауда, КБ-9 бойлық арнасының қабырғаларын тұрғызып, болашақ мұржаның іргетасын дайындауда.

Gov

№8 кокс батареясы алаңында металл конструкцияларды монтаждау жалғасуда: жоспарланған 500 тоннаның 300 тоннасы орнатылды. №8 және №9 кокс батареяларының шеткі алаңдарын дайындауға арналған жер қазу жұмыстары толық аяқталды. Кешен іске қосылғаннан кейін оның өндірістік қуаты жылына 1,5 млн тонна құрғақ кокс болады. Жоба Qarmet-тің өз шикізат базасын нығайтып, толық металлургиялық циклдің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

«Жаңа сұрыпты илемдеу станы мен №8–9 кокс батареялары — Qarmet-тің ауқымды инвестициялық бағдарламасының маңызды бөлігі және компанияның жүйелі технологиялық жаңғыруының айқын дәлелі. Бүгінгі құрылыс алаңдарында тек болашақ өндіріс ғимараттары ғана емес, кәсіпорынның жаңа индустриялық қуатының іргетасы қалануда. Бұл жобаларды жүзеге асыру өндіріс көлемін ұлғайтуға, сұранысқа ие өнім түрлерін кеңейтуге, шикізат базасын нығайтуға және толық өндірістік циклдің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Qarmet мамандары.

Бетон мен металл конструкциялар жаңа өндірістердің сұлбасына айналып үлгерді. Қадам сайын Qarmet технологиялық тізбектің негізгі буындарын жаңартып, заманауи шешімдерді енгізіп, алдағы ондаған жылға арналған тиімділік, сенімділік және бәсекеге қабілеттіліктің жаңа деңгейін қалыптастырып келеді.