Qarmet пен Allur 500 жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр
Республика күніне орай Qarmet пен Allur компаниялары жастарды жұмыспен қамтуға және кәсіби тұрғыдан дамуына қолдау көрсетуге арналған «Болашаққа жол» бағдарламасын ұсынды. Алғашқы кезеңде еліміздің әр өңірінен 500 жасты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.
Астана, NEGE. Металлургия және автомобиль жасау саласында жұмыс істейтін екі компания жаңа бағдарлама аясында өз кәсіпорындарында жастарға арнайы жұмыс орындарын бөлуді көздейді.
Жобаға жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін, ауылдағы қабілетті жастарды, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан азаматтарды тартуға басымдық берілмек.
Қазақстанға 2035 жылға дейін 2,9 млн маман қажет
Жаңа бағдарлама елімізде білікті жұмысшыларға сұраныс артып отырған кезеңде ұсынылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысында ел экономикасына қажетті мамандарды даярлау мәселесіне тоқталған болатын.
Мемлекет басшысы келтірген болжамға сәйкес, 2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 млн маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар саласында маман тапшылығы күшейеді деп күтілуде.
Президент әр азаматтың өмірден өз орнын тауып, адал еңбегімен отбасын асырауына және еліне пайда келтіруіне жағдай жасау маңызды екенін атап өткен.
Qarmet пен Allur ұсынған бастама да осы қажеттілікті ескеріп әзірленген. Компаниялар жастардың өндірісте еңбек жолын бастауына көмектесіп, отандық кәсіпорындарға қажет мамандарды даярлауды көздеп отыр.
Жастар қандай мамандықтар бойынша жұмыс істей алады?
Бағдарламаға қатысушыларға металлургия, автомобиль жасау, машина жасау, инженерия, өндірісті автоматтандыру және цифрлық технологиялар салаларында жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылмақ.
Жастар өндіріс орындарында тәжірибе жинап, кәсіби білімін жетілдіре алады. Сонымен қатар оларға тәжірибелі мамандардың көмегімен жұмыстың қыр-сырын меңгеруге жағдай жасалады.
Жоба аясында әр қатысушының жаңа жұмыс орнына бейімделуіне де көңіл бөлінбек. Тәжірибелі қызметкерлер жастарға өндірістегі міндеттерін меңгеруге, қажетті дағдыларды игеруге және маман ретінде қалыптасуға көмектеседі.
Компаниялар жастардың жұмысқа орналасып қана қоймай, таңдаған саласында ұзақ уақыт еңбек етуіне және қызметте өсуіне жағдай жасауды жоспарлап отыр.
Ауыл жастарына қандай қолдау көрсетіледі?
Бағдарламаның тағы бір бағыты – ауылдар мен шағын қалалардағы жастарды өндіріс орындарына тарту.
Басқа қалаға көшіп, жұмысқа орналасатын жастарға қосымша көмек көрсету жоспарланған. Атап айтқанда, олардың көшіп келуіне, баспана табуына және жаңа ортаға үйренуіне қолдау көрсету мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Мұндай көмек өз өңірінде мамандығына сай жұмыс таба алмай жүрген жастар үшін маңызды болуы мүмкін.
Сонымен қатар жоба әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан жастардың да тұрақты жұмыс тауып, мамандық меңгеруіне мүмкіндік беруді көздейді.
Бағдарламаға басқа кәсіпорындар да қосылуы мүмкін
Qarmet пен Allur «Болашаққа жол» жобасын бір реттік шара ретінде емес, ұзақ мерзімді бағдарлама ретінде дамытуды жоспарлап отыр.
Ол үшін компаниялар оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, жастардың алған білімін өндірісте қолдануына жағдай жасауды көздейді. Осылайша, кәсіпорындар өздеріне қажетті мамандарды даярлауға тікелей қатыса алады.
Алдағы уақытта бұл бастамаға Қазақстандағы басқа да ірі жұмыс берушілер қосылуы мүмкін.