Qarmet өндірісті жаңғыртып жатыр: жаңа кокс батареялары мен сортты прокат кешені қашан іске қосылады?

Qarmet компаниясы өндіріс орындарына баспасөз сапарын ұйымдастырып, кәсіпорынның қазіргі өндірістік қуаты мен жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобаларын таныстырды. Журналистер үздіксіз болат құю машиналарын, ыстық мырыштау және алюминийлеу цехын, жаңа сортты прокат кешенінің және №8–9 кокс батареяларының құрылыс алаңдарын аралады.

NEGE/Qarmet

Астана, NEGE. Компания басқарма төрағасы Петр Трушиннің айтуынша, Qarmet-тің стратегиялық мақсаты – жылына 5 млн тонна болат өндіру. Биыл компания өндіріс көлемін 4 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр.

«Біздің 2,5–3 жыл бұрын қабылдап, жариялаған стратегиялық мақсатымыз – жылына 5 млн тонна болат өндіру. 2026 жылға қойған міндетіміз – 4 млн тоннаға барынша жақындау. Ал түпкі межеге жетуге әлі шамамен 2,5 жыл бар. Биылғы жеті айда 2,3 млн тонна болат өндірдік. Сондықтан өндірістің барлық бағытында оң динамика байқалады», – деді Петр Трушин.

Qarmet

Болаттың прокатқа дейінгі жолы

Баспасөз сапары басталған алғашқы нысан – үздіксіз болат құю машиналары (МНЛЗ-1 және МНЛЗ-2). Бұл агрегаттар болат балқыту мен одан әрі прокат өндіру үдерісін байланыстыратын негізгі технологиялық буындардың бірі.

Мұнда сұйық болат дәстүрлі қалыптарға құйылмай, бірден үздіксіз құю машинасына жіберіледі. Металл біртіндеп салқындатылып, кристалданады да, кейін прокат өндірісіне қажетті сляб немесе шаршы дайындама түріне келтіріледі.

Слябтар жалпақ прокат, ал шаршы дайындамалар сортты прокат өндіруге пайдаланылады.

Qarmet

Qarmet мәліметінше, үздіксіз құю машиналары жылына 5,2 млн тонна сляб және 1,2 млн тонна шаршы дайындама өндіруге есептелген.

Компанияның мәліметінше, бұл технология өндірістің тиімділігін арттырып қана қоймай, дайын металл шығымын шамамен 10%-ға көбейтуге және прокат өнімдерінің сапасын 5%-ға жақсартуға мүмкіндік берген. Сонымен қатар өндірістегі кейбір аралық үдерістердің қысқаруы еңбек жағдайын жақсартып, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға ықпал еткен.

Қосылған құны жоғары өнім

Келесі нысан – ыстық мырыштау және алюминийлеу цехы. Мұнда болат прокатына коррозиядан қорғайтын мырыш, алюминий-мырыш және полимер жабындары жағылады.

Өндіріс бірнеше желіден тұрады: үздіксіз ыстық алюминий-мырыштау агрегаты, үздіксіз ыстық мырыштау және полимер жабындарын жағу желілері.

Qarmet

Цехтың жылдық өндірістік қуаты 700 мың тоннадан асады. Оның ішінде алюминий-мырыштау агрегатының қуаты – 320 мың тонна, ыстық мырыштау желісіне тиесілі – 300 мың тонна, полимер жабындарын жағу желісіне тиесілі – 100 мың тонна.

Qarmet

Цехта шығарылатын өнім құрылыс саласында, шатыр мен қасбет материалдарын, профнастил, сондай-ақ машина жасау өнімдерін өндіруде қолданылады. Атап айтқанда, Qarmet-тің мырышталған болаты Қазақстанда автобустардың шанақ бөлшектерін жасауға пайдаланылады.

Жаңа сортты прокат кешені жыл соңында іске қосылуы мүмкін

Qarmet өндіріс алаңындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – жаңа сортты прокат кешенінің құрылысы. Жоба Қытайдың CERI компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

Qarmet

Кәсіпорынның күрделі құрылыс жөніндегі директоры Александр Сидоренконың айтуынша, цех құрылысы биыл ақпанда басталған. Жаңа өндіріс орны жылына шамамен 580 мың тонна өнім шығаруға есептелген. Ғимараттың ауданы – 26 мың шаршы метр, биіктігі – 30 метр. Мұнда жалпы салмағы 3500 тонна болатын технологиялық жабдық орнатылады.

«Бұл цехта арматура, бұрыштама және швеллер сияқты сортты прокат өнімдері шығарылады. Нысанды жыл соңына қарай, 20 желтоқсанға қарай іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жобаны бір жылдың ішінде жоғары қарқынмен аяқтау міндеті қойылды», – деді Александр Сидоренко.

Жаңа цех үздіксіз құю машиналары орналасқан алаңға жақын салынып жатыр. Сидоренконың айтуынша, мұның өзіндік себебі бар: үздіксіз құю машиналарынан шыққан дайындамалар жаңа цехқа жеткізіліп, қыздыру пешінен өткен соң прокат станына жіберіледі. Осылайша одан әртүрлі диаметрдегі арматура, бұрыштама және швеллер шығарылады.

Qarmet

Қазір құрылыс алаңына қытайлық мамандар мен жергілікті компаниялар инфрақұрылым жүргізу және дайындық жұмыстарына тартылған. Жабдықтың бір бөлігі нысанға жеткізіліп, оны монтаждау басталды. Ғимараттың бір бөлігінде жабдықтар орнатылып жатса, басқа учаскелерде іргетас құю және еден төсеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Компания өкілдерінің айтуынша, қазан айының ортасына дейін ғимараттың сыртын толық жабу жоспарланған. Одан кейін негізгі күш ішкі жұмыстарды аяқтауға жұмсалмақ.

Жаңа цехта өндірілетін өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа шығарылады. Qarmet өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда арматураға сұраныс жоғары. Компания мәліметіне сәйкес, елге жыл сайын 900 мың тоннаға дейін арматура импортталады.

Qarmet

Qarmet-тің болат департаментінің директоры Андрей Берг жаңа өндірісте А600 және А1000 санатындағы беріктігі жоғары арматура шығарылатынын айтты.

«Біз өнімімізді А600 және А1000 талаптарына сәйкес сертификаттадық. Бұл атом электр станцияларын салуға қолданылатын арматура сапасына қойылатын талаптарды толық орындауға мүмкіндік береді. Біз бұл нарықтың әлеуетін де, осы жобаның болашағын да көріп отырмыз», – деді Андрей Берг.

Оның айтуынша, алғашқы арматураны жыл соңына дейін шығару жоспарланған. Қазірдің өзінде жаңа цехта жұмыс істейтін қызметкерлерді іріктеу басталды. Қажетті мамандардың жартысынан көбі жұмысқа қабылданған. Олардың бір бөлігі қолданыстағы цехтарда оқытылса, негізгі қызметкерлердің бірқатары Қытайда арнайы даярлықтан өтеді.

65 жылдан кейін жаңа кокс батареялары салынып жатыр

Баспасөз сапарындағы соңғы әрі ауқымды нысан – жаңа №8 және №9 кокс батареяларының құрылыс алаңы.

Qarmet тарихында мұндай жоба соңғы 65 жылда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Жаңа кешен жылына 1,5 млн тонна құрғақ кокс өндіруге есептелген.

Qarmet

Қазір №9 батареяда көмір мұнарасының корпусын салу, батареяның жоғарғы іргетас тақтасын арматуралау, түтін арналары мен мұржаның іргетасын тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр. №8 батареяда металл конструкцияларды монтаждау жалғасуда. Жобада қарастырылған 500 тонна металл конструкцияның шамамен 300 тоннасы орнатылған.

Qarmet-тің күрделі құрылыс жөніндегі директоры Александр Сидоренконың айтуынша, жаңа кокс батареялары кәсіпорын өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды жобалардың бірі.

«Кәсіпорын аумағында ескі цехтарды жаңғырту және жаңа өндіріс орындарын салу жұмыстары қатар жүріп жатыр. Біз жаңа жобаларымызды мегажобалар деп атаймыз. Қазір осындай үш мегажоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – өздеріңіз көріп отырған жаңа кокс батареяларының құрылысы», – деді ол.

Қазір құрылыс алаңында 350 адам еңбек етіп жүр. Жобаны Qarmet-тің Қытайдағы серіктесі ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Co. жүзеге асырып жатыр.

Жоба аясында биіктігі 70 метр болатын сөндіру мұнарасы мен биіктігі 170 метрлік түтін мұржасы да салынады.

Qarmet

Компания өкілдерінің айтуынша, №8 кокс батареясын жыл соңында қыздыру режиміне көшіру жоспарланған. Одан кейін шамамен екі-үш айдың ішінде №9 батареяны іске қосу көзделіп отыр.

Екі жаңа батарея толық пайдалануға берілгеннен кейін кәсіпорын 1960 жылдары салынған №1–4 ескі кокс батареяларын кезең-кезеңімен пайдаланудан шығаруды жоспарлап отыр.

Жоба 2024 жылғы 5 қарашада Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Қытайға сапары кезінде қол қойылған кокс-химия өндірісін жаңғырту және көмір химиясын дамыту жөніндегі келісім аясында жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылғы сәуірде Qarmet пен ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Co. №8–9 кокс батареяларын салу жөніндегі бас келісімге қол қойған.

Жобаны қаржыландыруға «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ да қатысып отыр.