9 декабря 2025 г. 17:25

Qarmet Қарағанды металлургиялық комбинатының жаңа дәуірі

Фото: Qarmet

Qarmet Қарағанды металлургиялық комбинаты жаңғырту үдерісін жеделдетіп, Қазақстан металлургиясын жаңа сапалық деңгейге көтеріп келеді. Өсімнің артында қандай факторлар тұр?

Инвестициялар және өндірісті жаңғырту

Меншік иесі ауысқаннан кейін Qarmet ел тарихындағы ең ауқымды металлургиялық инвестициялық бағдарламалардың бірін іске қосты. Алдағы бес жылда кәсіпорын өндірісті жаңғыртуға 3,5 млрд доллар бағыттамақ, оның 300 млн доллары өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге бөлінген. Мұндай шешім кездейсоқ емес. 2025 жылдан бастап компания салалық ғылыми орталықтармен бірлесіп әзірленген газдандыру және метан деңгейін бақылау жүйелерін енгізе бастады. Жабдықтардың тозуы мен кадр тапшылығы жағдайында қауіпсіздік негізгі даму басымдығына айналды.

Күрделі жағдайларға қарамастан, комбинаттың өндірістік көрсеткіштері тұрақты өсіп отыр. 2024 жылы болат өндірісі 15 пайызға, шойын шығару көлемі 12 пайызға артты. Бұл нәтижелер Qarmet-тің 2028 жылға дейін болат өндірісін 5 млн тоннаға, темір кені концентратын 5 млн тоннаға, көмір өндірісін 9 млн тоннаға жеткізуді көздейтін «5-5-9» ұзақ мерзімді стратегиясымен үйлеседі. Осы мақсатқа жету үшін компания конвейер желілерін жаңартудан бастап, жаңа технологиялық үдерістерді енгізуге дейін кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.

Кокс-химия өндірісі де түбегейлі жаңаруда. Комбинат аумағында №8 және №9 жаңа кокс батареяларының құрылысы басталды. Олар Қазақстандағы ең заманауи нысандардың қатарына қосылмақ. Жылдық қуаты 1,5 млн тонна құрғақ кокс домна цехының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, бүкіл металлургиялық тізбектің сенімділігін арттырады. Сонымен қатар 65 жылдан астам пайдаланылған №1–4 батареяларын кезең-кезеңімен тоқтату жоспарланып отыр. Бұл өндірістік тәуекелдерді азайтып, экологиялық жүктемені төмендетіп, еңбек жағдайын жақсартады.

Құрылыс қытайлық ACRE компаниясымен жасалған келісімшарт аясында жүзеге асуда. Бұл компания әлемдегі кокс-химия инжинирингі көшбасшыларының бірі саналады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі ілеспе инфрақұрылым мен инженерлік желілерді қоса есептегенде шамамен 369 млн долларды құрайды. Жаңа батареялардан алғашқы кокс өнімін 2027 жылы алу жоспарланған.

Qarmet ішкі нарықтағы қатысуын да біртіндеп кеңейтіп келеді. Соның бір мысалы ретінде QazTehna зауытына автокөлік кузовының бөлшектерін қалыптауға арналған мырышталған болат жеткізіле бастады. Осылайша кәсіпорын отандық машина жасау саласына арналған құрамдас бөлшектерді жергіліктендіру үдерісіне қосылып отыр.

Шетелдік технологиялар да тартылуда. 2025 жылы Qarmet Sinosteel, WISDRI, CISDI және CERI сияқты қытайлық инжинирингтік компаниялармен келісімдерге қол қойды. Бұл жобалар жаңа құю және илемдеу қуаттарын іске қосуды, ыстық мырыштау мен полимерлі жабын желілерін салуды, сондай-ақ домна өндірісінде энергия үнемдейтін шешімдерді енгізуді көздейді. Басқару деңгейінде де цифрлық жүйелер енгізілуде. Орталықтандырылған газ мониторингі, позициялау жүйелері, бейне және радиобайланыс, өрт туралы ескерту, инфрақызыл температура және қызу датчиктері кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр.

Qarmet

Әлеуметтік жауапкершілік және жұмыспен қамту

Qarmet-тің жаңа инвесторға өтуі кәсіпорын ұжымы мен өңір тұрғындары үшін маңызды оқиға болды. Комбинат әлі де елдегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі болып қала береді. Бүгінде мұнда 35 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жаңа инвестициялық бағдарламаның басталуы қызметкерлерге тұрақтылық, өндірістің жаңаруы және еңбек жағдайының жақсаруы бағытында үміт сыйлады. Зауыт бөлімшелерінде тарихи Qarmet атауының қайта оралуы жаңа кезеңнің белгісі ретінде қабылданды, ал қауіпсіздік пен кадрлардың біліктілігін арттыру ең өзекті міндеттер ретінде аталып отыр.

Жаңа меншік иесі кәсіпорынның әлеуметтік міндеттемелері толық сақталатынын бірнеше рет мәлімдеді. Ұжымдық келісімшарт, тарифтік тор және кеншілер мен металлургтерге арналған әлеуметтік жеңілдіктер өз күшінде қалды. 2025 жылдың қаңтарынан бастап жалақыны жыл сайын 4,5 пайызға индексациялау қарастырылған. Осы жылдың күзінде Qarmet «Қорғау» және «Жақтау» кәсіподақтарымен қызметкерлерді қолдау жөніндегі жаңартылған келісімге қол қойды. Барлық әлеуметтік төлемдер мен біржолғы үстемақылардың сақталатыны нақтыланды. Бағдарлама тұрмыстық жағдайды жақсартуды, санаторий-курорттық инфрақұрылымды дамытуды және еңбекті қорғау бағытында өндірістік нысандарды жаңартуды қамтиды.

Сонымен бірге 2025 жылдың басында комбинат 2024 жылғы өндірістік нәтижелер үшін қызметкерлерге сыйақы төледі. Бұл шешім кәсіподақтармен бірлесіп қабылданған. Басшылықтың айтуынша, бұл қадам жаңғырту кезеңінде кәсіпорынның үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткен еңбек ұжымын қолдауға бағытталған.

Соңғы екі жылда кадр саясатына ерекше көңіл бөлініп, табысты индексациялау, жеңілдіктерді сақтау және әлеуметтік қолдау шаралары мамандардың кәсіпорында қалуына ықпал етті.

Qarmet

Экологиялық жаңғырту

Экология мәселесі кәсіпорын үшін аса маңызды әрі сезімтал бағыт болып қала береді. Осыған байланысты меншік иесі ауысқаннан кейін Qarmet экологиялық стратегиясын қайта қарап шықты. Негізгі жобалардың бірі 2024–2025 жылдары басталған домна пештері мен жылу электр орталығын газға көшіру жұмыстары болды. 2025 жылдың шілдесінде ұзындығы 27 шақырым болатын газ құбыры құрылысының алғашқы кезеңі аяқталды. Бұл мазут пен коксты пайдалануды азайтып, күкірт қосындылары мен көмірқышқыл газының шығарындыларын төмендетуге мүмкіндік береді. Эколог мамандардың бағалауынша, газдандыру шаралары алдағы бес жылда жалпы шығарындыларды шамамен 27 мың тоннаға қысқартуға жол ашады.

Сондай-ақ Qarmet Теміртау қаласының өзінде бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асырды. Атап айтқанда, 30 шақырым трамвай желісі қалпына келтіріліп, экологиялық тұрғыдан ең таза қоғамдық көлік түрі сақталды, жаңа вагондар сатып алынды. Комбинат өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге де көшуге ниетті. Қазір жиналған 750 млн тонна шлак пен жыныстардан 2028 жылға қарай жыл сайын 10 млн тоннаға дейін екінші реттік шикізат алу көзделіп отыр.

Алайда экологиялық бағыттағы кейбір міндеттемелер әлі толық орындалған жоқ. Экология министрлігінің дерегіне сәйкес, кәсіпорын 2025 жылға қарай шығарындыларды 30 пайызға қысқартуы тиіс еді. Оған байланысты компания басшылығы қосымша шаралар кешенін жариялады. Оның қатарына газ тазалау жабдықтарын жаңарту, түтін мұржаларын қайта жаңғырту, түтінсіз шихта технологияларын енгізу, сондай-ақ ауа сапасын күнделікті бақылап, деректерді ашық жариялайтын жүйе құру кіреді.

Айта кетерлігі, жасыл жаңғырту халықаралық серіктестер тарапынан да қолдау табуда. Qarmet-пен ынтымақтастық орнатқан қытайлық инжинирингтік компаниялар шығарындыларды азайтуға бағытталған шешімдер ұсынып отыр. Олардың қатарында сутегі технологиялары, жаңа мырыш және ильменит желілері, сондай-ақ қосалқы өнімдерді кәдеге жарату тәсілдері бар. Бұл экологиялық трансформация жекелеген техникалық жаңартулармен шектелмей, өндірістің бүкіл моделін кешенді түрде қайта қарауға негізделгенін көрсетеді.

Сабақтас салаларға ықпалы

Qarmet-тегі кешенді жаңғырту тек ішкі үдерістермен шектеліп отырған жоқ. Қауіпсіздік, экология және өндіріс бағыттарымен қатар бұл үдерістер комбинат шекарасынан асып, сабақтас салалар тізбегі арқылы инфрақұрылымға, материалдар мен технологияларға тұрақты сұраныс қалыптастыруда. Сондықтан кәсіпорында жүріп жатқан өзгерістер бүгінде Теміртау қаласынан тыс өңірлерде де сезіле бастады.

Qarmet-тің ауқымды жаңғырту бағдарламасы экономиканың бірқатар байланысты саласына тікелей әсер етіп отыр. Комбинат көмір өндірісі, энергетика, құбыр прокаты және машина жасау секторларымен тығыз жұмыс істейді, әрі олардың әрқайсысы жүзеге асырылып жатқан жобалардан қосымша серпін алуда. Мәселен, металлургиялық өндірісті газға көшіру жобасы сабақтас кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттырды. «Сарыарқа» газ құбырын салу үшін Qarmet Tubular Aktau зауыты шамамен 600 тонна құбыр жеткізіп, бұл монтаж жұмыстарының мерзімін қысқартуға және тасымалдау шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша инфрақұрылымды жаңарту тек комбинаттың өзіне ғана емес, сонымен бірге құбыр өндірушілерге, жабдық шығаратын кәсіпорындарға және энергетика саласындағы мердігерлерге де оң әсерін тигізіп отыр.

Көмір өндіру көлемінің артуы тау-кен секторындағы сервистік қызметтер мен жаңа технологияларға деген сұранысты күшейтті. Жылына 1,3 млн тоннаға дейін көмір өндіру жоспарланған Саран шахтасын дамыту жобасы шахталық жабдық өндіруші кәсіпорындардың жұмыс жүктемесін қамтамасыз етіп, өңірлік сервистік секторды іске тартып отыр. Осындай үрдіс машина жасау саласында да байқалады. Qarmet-тің 500 млн доллардан асатын инвестиция көлемімен жаңа құю және илемдеу қуаттарын салу жоспарлары заманауи металлургиялық жабдықтарға тұрақты сұраныс қалыптастырып отыр. Бұл жабдықтардың бір бөлігі отандық кәсіпорындардан, бір бөлігі сырттан жеткізіледі.

Qarmet-тің Қазақстан металлургиясы мен өнеркәсібіндегі орны

Бүгінде Qarmet Қазақстан металлургиясының негізгі тіректерінің бірі ретінде өз орнын сақтап отыр. Компания деректері мен ресми статистика оның салалық жүйеқұраушы рөлін растайды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорында шамамен 3,5 млн тонна болат өндірілді. Бұл елдегі жалпы болат қорыту көлемінің 75-85 пайызына тең.

Qarmet-тегі соңғы екі жылдағы болат өндірісінің өсу динамикасы меншік иесі ауысқаннан кейін және жаңғырту бағдарламасы іске қосылған соң кәсіпорынның біртіндеп қалпына келу жолына шыққанын аңғартады. Соған қарамастан, 2024–2025 жылдардағы оң көрсеткіштерге ие болғанымен, комбинат әзірге жобалық қуатынан төмен деңгейде жұмыс істеп отыр. Бұл алдағы кезеңде өндірісті арттыру үшін елеулі резервтердің бар екенін білдіреді.

Маңыздысы сол, соңғы екі жылдағы кәсіпорын өсімі Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібіндегі жалпы оң динамикамен тұспа-тұс келді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы металл өнімдері секторы 24,3 пайызға, металлургия саласы 10,6 пайызға өсті. Ал 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында өнеркәсіптік өндірістің жиынтық индексі 107,4 пайызды құрады. Qarmet-тің саладағы үлесі басым екенін ескерсек, оның жаңғыртуы мен қуаттарының кеңеюі осы өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр.

Кәсіпорынның ресми деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта домна пештерін газға көшіру, ыстық мырыштау кешенін салу, шахталарды жаңарту және болат қорыту агрегаттарын жөндеу сияқты бірқатар ірі жоба іске асырылып жатыр. Бұл бастамалар өнім түрлерін көбейтуге, энергия тиімділігін арттыруға және экологиялық жүктемені азайтуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияны көрсетеді. 2027 жылға жоспарланған ыстық мырыштау және полимерлі жабын желілерін іске қосу Qarmet-ті қосылған құны жоғары өнім өндіру деңгейіне көтеріп, ішкі және сыртқы нарықтағы позициясын күшейтуі тиіс.

Ұлытау өңірінде бірнеше ірі өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда:

  • 2026 жылы сұрыптық илемдеу орнағы іске қосылады. Оның жобалық қуаты жылына 1 млн тонна өнімді құрайды, ал кешеннің есептік әлеуеті жылына 4 млн тоннаға дейін жоғары сапалы жалпақ прокат өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, компания үлкен диаметрлі құбырлар нарығына шығу мүмкіндігін қарастырып отыр.
  • Шойынның өзіндік құнын төмендету есебінен сұйық болат өндірісін жылына 6 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген.
  • Төрт шахтада көмірді құрғақ байыту технологиясын енгізу жоспарланып отыр.
  • Қаражал және Атасу марганец пен германий кен орындарын игеру, сондай-ақ екі жаңа байыту фабрикасын салу көзделген.

Qarmet біртіндеп технологиялық мүмкіндіктері шектеулі кәсіпорыннан ұлттық маңызы бар өнеркәсіптік активке айналып келеді. Жалпы көлемі 3,5 млрд доллардан асатын инвестициялық бағдарламасы, оның ішінде 1,4 млрд доллары игерілген қаражат ұзақ мерзімді, тұрақты дамудың берік негізін қалыптастырып отыр. Комбинатты жаңғырту қарқыны елдегі өнеркәсіптік өндірістің жалпы өсімімен қатар жүруі Qarmet-тегі өзгерістер жекелеген цехтарды жаңартумен шектелмей, Қазақстанның бүкіл өнеркәсіптік экономикасына ықпал етіп отырған құрылымдық үдеріс екенін көрсетеді.

Тегтер: