Путиннен Қазақстанға әскер кіргізуді сұраған әйелді ҰҚК ұстады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақтарды қорлап, Ресей президенті Владимир Путинді Қазақстанға әскер кіргізуге шақырған әйелді ұстады.

ҰҚК баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Бұған дейін әлеуметтік желіде өзін Екібастұз тұрғыны Ольга Мұхаметжанова деп таныстырған әйелдің видеосы тараған. Ол қазақтар туралы балағат сөздер айтып, Қазақстанның бірқатар қаласын Ресей «қайтарып алатынын» мәлімдеген.

ҰҚК мәліметінше, әйел 28 қазанда прокуратураның үйлестіруімен Павлодар қаласында ұсталған. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Комитет әйелдің бұған дейін есірткі сатқаны үшін сотталғанын да хабарлады.

Істің өзге мән-жайлары Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды. Әйелдің нақты қай бап бойынша тергеліп жатқаны әзірге белгісіз.