Путин ресейліктерді жыл бойы әскерге шақыру туралы заңға қол қойды
Ресей президенті Владимир Путин елдегі әскерге шақыру тәртібін өзгертетін заңға қол қойды. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлайды.
Астана, NEGE. Заңдағы өзгеріске сәйкес, 2026 жылдан бастап ресейліктерді әскери қызметке шақыру жыл бойы жүргізілетін болады. Яғни, келер жылдан бастап әскер қатарында жоқ азаматтарды 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін әскерге шақыратын болады.
Атап айтқанда, медициналық комиссиядан өткізу, психологиялық іріктеу және шақыру комиссиясының отырыстары өткізіледі. Ал әскерге жіберу бұрынғыдай жылына екі рет жүзеге асырылатын болады.
Бұған дейін Ресейде әскерге шақыру екі кезеңмен жүргізілген – 1 сәуірден 15 шілдеге дейін және 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін.
Заң авторларының пікірінше, әскерге шақырудың жаңа тәсілі «шақыру пункттеріне түсетін жүктемені тең бөлуге және әскерге шақыру сапасын арттыруға мүмкіндік береді».
Қазіргі күзгі шақырылымда Ресей 18 бен 30 жас аралығындағы 135 мың ер адамды әскерге алмақ. Бұл – соңғы тоғыз жылдағы ең ауқымды күзгі шақырылым. Мұндай кең көлемді әскерге алу Ресейдің Украинадағы соғысына байланысты болған.
Заң бойынша әскерге шақырылғандарды соғысқа жіберуге әлі де тыйым салынса да, сарапшылардың айтуынша, жас сарбаздар бөлімдерге жеткізілісімен оларға қысым жасалып, армиямен келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлей бастайды. Келісімшартқа қол қою шақырылушының мәртебесін өзгертеді және оларды, соның ішінде шабуыл бөлімшелеріне, майданға жіберуге мүмкіндік береді.